Петропавлда жасөспірім әзілдеп, мектебіне жарылғыш қойылғанын хабарлаған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Петропавлда жасөспірім әзілдеп, мектебіне жарылғыш қойылғаны туралы хабарлама жіберген
Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 қазан күні полицияға Петропавлдағы мектептердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына дереу барлық жедел қызмет — тәртіп сақшылары, қызметтік иттері бар кинологтер және жарылғыш заттарды залалсыздандыратын мамандар жіберілді. Мұқият тексерілгенімен, ғимараттан күдікті зат табылған жоқ.

Тергеу барысында арнайы қызметтерді аяғына тік тұрғызған осы мектептің 14 жастағы оқушысы екені анықталды. Ол осылайша «әзілдемек» болған.

Петропавлда жасөспірім әзілдеп, мектебіне жарылғыш қойылғаны туралы хабарлама жіберген
Фото: СҚО ПД

Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазір ювеналды полиция инспекторлары мен педагогтер жасөспіріммен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Полиция жарылғыш зат қойылғандығын жалған хабарлау ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Заң бұзушыларға 5 мың АЕК дейін айыппұл салу немесе бес жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру түріндегі жаза көзделген.

Бұған дейін Ақтөбеде өрт сөндірушілер екі күн қатарынан жалған хабарлама алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар