Петропавлда жасөспірімнен туберкулездің ашық түрі анықталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы мектептердің бірінде білім алатын 16 жастағы ер бала флюорографиялық тексерістен өтіп, нәтижесінде қауіпті дерт анықталған.
Әлеуметтік желіде сырқаттанған бала Петропавлдағы №17 ұлттық өркендеу мектебінің оқушысы екендігі айтылады. Қала тұрғындарының айтуынша, сол мектепте балалары оқитындарға медициналық қызметкерлер хабарласып, тексерістен өту қажеттігін ескерткен.
Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 14 шілдеде жасөспірімнен туберкулездің бактерия бөлетін түрі (МБТ+) анықталуына байланысты медициналық ұйымнан шұғыл хабарлама келіп түскен.
Осыған байланысты ведомство өз құзыреті аясында эпидемияға қарсы іс-шараларды бастады. Ауру ошағында қорытынды дезинфекция жүргізіліп, науқаспен байланыста болған адамдар – отбасы мүшелері, сыныптастары, мектеп мұғалімдері мен техникалық персонал тексерілді. Сонымен қатар жасөспірім тіркелген және ауру анықталған медициналық ұйымдарға қатысты эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр.
Мамандардың айтуынша, биыл бірінші жартыжылдықта өңірде туберкулезбен ауырғандар саны азайған. Туберкулездің жаңадан анықталған 68 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20% немесе 17 жағдайға аз. Былтыр сәйкес кезеңде 85 адамнан дерт анықталған.
18 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулезді жұқтыру деңгейі өзгерген жоқ. Жыл басынан бері Петропавлда туберкулездің бактерия бөлмейтін үш жағдайы тіркелді.
Бұған дейін Астанада туберкулезге шалдыққан балаға қатысты тексеру басталғанын жазған едік.