Петропавлда жұмысшы ЖЭО-2 аумағында жоғарыдан құлап кетті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда 2-Жылу-электр орталығы аумағында жұмысшы абайсызда жоғарыдан құлап, ауыр жарақат алды.

Биіктен құлады
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Оқиға кеше сағат 17.00 шамасында болған. «Средазэнергомонтаж Петропавловск» ЖШС-нің 40 жастағы жұмысшысы өндірістік нысанда жоспарлы жұмыс барысында абайсызда төменге құлаған. 

«Средазэнергомонтаж Петропавл» ЖШС бас директоры Максим Бублейниктің айтуынша, зардап шеккен жұмысшыға шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, одан кейін ол қаладағы медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, қажетті емдеу шаралары жүргізіліп жатыр.

— Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы оқиға бойынша тергеп-тексеру басталды. Болған оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылады. Комиссия жұмысының нәтижелері туралы қосымша хабарлаймыз. Зардап шеккен азамат 4 разрядты футеровщик, біз оған міндетті түрде көмек береміз, — деді Максим Бублейник.

Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

— Ер адамда күрделі жарақат. Бас сүйек-ми жабық жарақатын алған. Сол жақ шүйде-төбе аймағында ашық жарасы бар. Сол жақтағы қабырғалары сынып, орнынан ығысқан. Сол жақ өкпесы жаншылған. Сол жақ жамбастың сыртқы беті сырылған, — дейді басқарманың баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.

Бұған дейін Петропавлдағы әуежайға түнгі рейстерге рұқсат берілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар