Петропавлда жүргізуші сақтандыру компаниясын сотқа беріп, 2 млн теңге өндіріп алды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Сақтандыру компаниясы жол-көлік апатына түскен Петропавл тұрғынына келтірілген шығын мөлшерінен 3 есе аз төлем жасамақ болған.
Солтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтық істі Петропавл қаласының № 2 соты қарады.
Іс материалдарына сәйкес, жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал оның сақтандыру компаниясы зақымданған автокөлікті қалпына келтіру құнын 674 мың теңге деп есептеген. Алайда көлік иесі бұл сомамен келіспей, тәуелсіз бағалаушының қызметіне жүгінген. Сараптама амортизациялық тозуды ескере отырып келтірілген шығын 2 млн 325 мың теңге деп қорытынды шығарды.
Көлік иесі сақтандыру омбудсменіне жүгініп, сақтандыру төлемінің мөлшерін қайта қарауды сұраған. Омбудсменнің шешімімен төлем 873 мың теңге болып белгіленген. Петропавл тұрғыны бұл сомамен де келіспей, сотқа талап арыз берді.
Сот талқылауы барысында автокөлікке қатысты сот сараптамасы тағайындалды. Сарапшы амортизациялық тозуды ескере отырып, автокөлікті қалпына келтіруге қажетті жөндеу жұмыстарының, қосалқы бөлшектер мен материалдардың жалпы құны 1 млн 829 мың теңге деп есептеді.
Сот сараптама қорытындысын негізгі әрі сенімді деп танып, зерттеуді білікті маман заң талаптарына сәйкес жүргізгенін атап өтті. Сонымен қатар сараптама сақтандыру компаниясы анықтаған жөндеу құнының негізсіз төмендетілгенін растады.
Нәтижесінде сот көлік иесінің пайдасына 1 млн 829 мың теңге мөлшерінде сақтандыру төлемін өндіріп беру туралы шешім шығарды.
Бұдан бөлек, сақтандыру компаниясынан сот шығындары да өндірілді. Осылайша талапкерге жалпы сомасы 2 млн 039 мың теңге төленді.
СҚО сотының азаматтық істер жөніндегі аппеляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Бұған дейін Петропавлда мектепке жарылғыш зат қойылды деп «әзілдеген» жасөспірім сотталғанын жазған едік.