Петропавлдағы айып тұрағында 10 жылдан артық тұрған көліктер бар

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы мамандандырылған айып тұрағында бүгінгі күні 288 автокөлік сақтаулы. Олардың кейбірі бұл жерде 8-10 жылдан бері тұр.

 көлік тұрағы
Фото: Яндекс

Айыптұрағы 2021 жылдан бері Петропавл қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансында. Жалпы аумағы - 0,8 гектар. Бір қызығы, мұнда көліктер тегін сақталады. 

- Қазіргі уақытта тұрақ аумағында 283 жеңіл автокөлік, бір-бірден трактор, қарда жүретін техника, мотоблок және екі автотіркеме бар. Оның ішінде он шақты техника он жылдан артық тұр.

Көліктердің ұзақ уақыт алынбауының түрлі себебі бар. Бірі қаржылық қиындыққа тап болған, енді бірі құжаттарын рәсімдей алмаған. Кейбір автокөліктерге қатысты тергеу немесе процессуалдық әрекеттер аяқталмаған, - дейді бөлім басшысының орынбасары Айдын Макенов.

Заң бойынша көлік құралдарының мамандандырылған тұрақта болу мерзімінің белгілі бір шегі қарастырылмаған.

- Көлік құралы ұзақ уақыт тұрып қалған жағдайда, Петропавл әкімдігі иесін анықтау және оны хабардар ету бойынша шаралар қабылдайды. Иесі туралы мәліметтер болмаған немесе иесі көлік құралын белгіленген тәртіппен қайтарып алуға асықпаған жағдайда, көлік құралын иесіз деп тану туралы сотқа талап арыз жолданады. Ал иесі табылмаған немесе көлігін қайтару бойынша әрекет жасалмаған жағдайда, сот арқылы көлік иесіз деп танылып, кейін сауда-саттыққа шығарылады, - дейді Айдын Макенов. 

Айып тұрағында бір кездері ресейлік әнші Тимур Юнусов – Тиматиге тиесілі Audi TT Coupe автокөлігі де тұрды. 2005 жылы оны біреулер әртістің ауласынан ұрлап кеткен. Бір жылдан кейін көлік Петропавлдан табылды. 

- Көлік тексеру және құқықтық мәртебесін анықтау үшін тұраққа уақытша орналастырылған. 2019 жылдың желтоқсанында қажетті құжаттар ұсынылғаннан кейін автокөлік иесінің сенімхаты бойынша оның өкіліне беріліп, кейін Ресейге шығарылған. Қазіргі уақытта айыппұл тұрағында танымал тұлғаларға тиесілі көліктер жоқ, - дейді бөлім басшысы. 

Бұған дейін Атырауда 3 мыңнан астам шетелдік нөмір таққан автокөлік айып тұрағына қойылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар