Петропавлдағы ботаникалық бақ аумағына есірткі жасырушылар көбейді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Осыған орай ботаникалық бақ директоры Артур Рязапов тәртіп сақшыларынан көмек сұрауға мәжбүр.

Петропавлдағы ботаникалық бақ аумағына есірткі жасырушылар көбейді
Фото: Ботаникалық бақ

Оның айтуынша, өткен демалыс күні келушілердің бірі ер адамның бақ аумағында түйіншек жасырып жатқанын байқап қалған. Бірден оқиға орнына полиция қызметкерлерін шақырып, тәртіп сақшылары белгісіз химиялық зат салынған ораманы тәркіледі.

 Петропавлдағы ботаникалық бақ аумағына есірткі жасырушылар көбейді
Фото: видеодан скрин

- Келесі күні біздің бақтың аумағына күмәнді адамдар келе бастады. Бұталардың түбін қопарып, жоқ іздеген олар қызметкерлеріміздің де, қонақтарымыздың да зәресін ұшырды. Рюкзак асқан ер адам ары-бері жүріп, біраздан кейін кетті. Оның экскурсияға келмегені анық. Одан кейін басқалары келе бастады. Не іздеп жүрсің деп сұрағанымызда, біреуі «кілтімді жоғалттым» деді, енді бірі мүлде жауап бермей қаша жөнелді, - дейді Артур Рязапов.

Бақ директорының айтуынша, күдікті адамдар аумақта ұзақ аялдамайды, сол себепті полицияның жедел тобын шақыру мүмкін емес, келіп үлгермейді.

 Петропавлдағы ботаникалық бақ аумағына есірткі жасырушылар көбейді
Фото: видеодан алынған скрин

- Қазір бақта күзгі жұмыстарды жүргізу керек. Бірақ қызметкерлеріміз далаға шығуға қорқады. Сол себепті полициядан бұл мәселені шешу үшін көмек сұраймыз. Жағдай жақсарғанша бақ маңында тәртіп сақшылары кезекшілік атқарса екен, - дейді Артур Рязапов.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, 27 қыркүйекте Петропавлдағы ботаникалық бақ аумағынан күдікті түйіншек табылған. Зат тәркіленіп, сараптамаға жіберілген. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Петропавлдағы ботаникалық бақ аумағына есірткі жасырушылар көбейді
Фото: Ботаникалық бақ

- Қазіргі уақытта жағдай қалалық полиция басқармасы басшылығының бақылауына алынды. Күдікті заттар немесе құқық бұзушылық болуы мүмкін жағдайда ақпаратты дереу «102» нөміріне немесе eGov Mobile, Halyk және Kaspi.kz қосымшаларындағы «Заң және тәртіп» сервисі арқылы құқық қорғау органдарына хабарлауды сұраймыз, - дейді полиция өкілдері.

Бұған дейін Петропавлда жүзу жаттықтырушысы есірткі айналымына қатысы бар деген күдікке іліккенін жазған едік.