Петропавлдағы «Қарасай» стадионы УЕФА талаптарына сай жаңғыртылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы «Қарасай» стадионында жөндеудің екінші кезеңі басталды. Жаңғыртудан өткен нысанда кейін еурокубок ойындарын өткізуге мүмкіндік тумақ.

СҚО
Фото: СҚО әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Қарасай» стадионында атқарылып жатқан жұмыстың барысын көрді. Спорт нысанын жаңғырту былтыр басталып, жылыту және суару жүйесі бар жасанды алаң, жаңа жарықтандыру жүйесі, электронды табло және дыбыс қондырғысы орнатылды. Осы мақсатқа 1,3 млрд теңге бөлінді. 

Стадион
Фото: СҚО әкімдігі

Биыл, жоспар бойынша, батыс және шығыс трибуналар жөнделіп, трибуна астындағы ғимарат, киім ауыстыратын және санитарлық бөлмелер жаңартылады. Батыс трибунаның үстіне жаңбырдан қорғайтын шатыр орнатылады. Сонымен қатар, командалар ортадан шығатын болады. 

Сондай-ақ, орындықтар және тартан жабыны бар жүгіру жолағы ауыстырылады. Шығыс трибунада БАҚ өкілдеріне арналған орындар пайда болып, әкімшілік ғимарат салынады. Автотұрақ пен стадион аумағын абаттандыру да назардан тыс қалмайды.

Стадион
Фото: СҚО әкімдігі

«Қайта жөндеуден кейін «Қарасай» стадионы УЕФА талаптарына сай болып, Петропавлда еурокубок ойындарын өткізуге мүмкіндік береді. Футболшылар мен жанкүйерлер үшін қолайлы жағдай жасалады. Жалпы, бұл жұмыстың нәтижесінде өңірімізде футбол кеңінен насихатталып, дамудың жаңа деңгейіне шықпақ», - деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Бұған дейін СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы пара алып ұсталғандығын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар