«Петропавлды «Қызылжар» деп өзгертетін кез жетті» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 23-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Тәуелсіз Қазақ елінің қалаларында мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қарайтын, тіпті тұрғылықты ұлттың намысын таптайтын атаулар болмауға тиіс. «Айқын» газетінің жазуынша, кеше, Тіл мерекесі күні ұлтжанды бір топ депутат Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке ресми сауалмен жүгінді. Мәжіліс депутаттары Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласының атауын Қызылжар деп өзгертетін кез жеткендігін шегелейді. «Әзірге Үкіметтің қалай үн қатары беймәлім. Бірақ осындай ұсыныс Ұлт көшбасшысы тарапынан ендігі қолдау тапқан: «Еліміздің зиялы қауымы біраздан бері Петропавл, Павлодар секілді қалалардың атауларын өзгертсек деген ұсыныстар айтып жүр, - деген болатын жуырда Елбасы БАҚ-қа берген сұхбатында, - Ленинград, Сталинград, Ульяновск секілді қалалар, басқа да жер аттары өзгеріп жатқанда, бұл да орынды ұсыныс шығар» деген Н.Назарбаев «жергілікті әкімдіктер мен мәслихат депутаттарына ойласуға» кеңес берген», деп жазады басылым. Мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, бүгінгі нөмірдегі «Петропавлды «Қызылжар» деп өзгертетін кез жетті» деген мақалаға назар салыңыз.

Таяуда Қаржы министрі Болат Жәмішев 2011 жылдан бастап қолданыстағы салық жүйесіне енгізілетін өзгерістер жайлы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, жаңа жылдан бастап табыс салығы үдемелі (прогрессивный) жүйеге көшетін болады. Дәлірек айтқанда, айлығы 250 мың теңге болатындар бұрынғыша он пайыздық, 250 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін жалақы алатындар он бес пайыздық, ал 500 мың теңгеден жоғары жалақы алатындар жиырма пайыздық табыс салығын төлейді. Осы жайтты тереңнен қаузаған «Айқын» газеті аталған жүйенің бірқатар кемшіліктерін жіпке тізіп шыға келіп, «қорыта айтқанда, министр Бо­лат Жәмішев мырза ұсынған табыс салығының үдемелі жүйесін дәл осы қалпында жаңа жылдан бастап өндіріске енгізетін болсақ, онда опық жейміз. Біріншіден, ша­ғын және жеке кәсіпкерліктің да­муына тосқауыл қоямыз. Екін­шіден, көлеңкелі экономика бо­луы­на өзіміз жол ашып береміз», деп түйіндепті. Жарияланым «Жәмішев нені ескермеді?» деген тақырыппен басылған.

Осы басылымның «Жүректің көзі» айдарында айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазинмен арадағы сұхбат «Айтыстың интернетке шыға бергені дұрыс» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берген ол «айтыс телеарналардан тара­тылмай тұрса да, интернетке шыға бергені дұрыс деп ойлай­мын. Айтыстың мәтіндерін га­зетке жариялау, айтысты дискіге шығару, интернет айтыс ұйым­дастыру халыққа қажет дүние. Қазір көп адамның газет оқуға, тіпті теледидар қарауға мұршасы жоқ. Ал интернетті бәрі пайда­ланады және интернетті дүниенің кез келген бұрышынан ашып көруге болады», депті.

***

«Аралас неке қазаққа аса таңсық емес. Өйткені өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазақ зиялыларының көпшілігі орыс, украин, балгар және тағы басқа өзге ұлт өкілдерінің қыздарымен көңіл жарастырып, отау құрғаны тарихи шындық. Мұның өзіндік себебі де бар. Бір жағынан, бұл ынтымақтастықтың бір түрі болса, екінші жағынан, сол дәуірде көркіне білімі сай қазақ арулары ілуде біреу еді. Әйтсе де, жапатармағай жат жұртпен құдандалы болу дәл бүгінгідей етек жайған емес», деп жазады «Нұр Астана» газеті бүгінгі нөмірінде жарияланған «Аралас неке алысқа апармайды» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Батыс Қазақстан облысында өткен жылдың 11 айында 652 адам өзге ұлт өкілдерімен неке құрған. Осы мерзім ішінде облыста 10308 нәресте дүние есігін ашса, соның 854-інің әкесі өзге ұлт өкілдері екен.

***

«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, кеше қалалық мәслихат депутаттары 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған бағдарламаның жүзеге асырылу барысымен тағы бір мәрте танысқан. Күн тәртібінде осы және өзге де мәселелер пысықталған кезекті 52-ші сессияға Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысқан. Алқалы жиын жайында басылымның бүгінгі нөміріндегі мақаладан жан-жақты таныс бола аласыздар.

***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевті қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Басылымның атап өтуінше, Ө.Шөкеев Президентті Қазақстанның үкіметтік делегациясының Қазақстанның ДСҰ-на кіруі туралы мәселе бойынша келіссөздер жүргізілген АҚШ-қа сапарларының қорытындылары туралы хабардар еткен. «Келіссөздер үш бағытта: тауарлар тобы, сауда қызметі жөнінде және жүйелі мәселелер бойынша жүргізілуде. Сауда тауарлары жөніндегі келіссөздер аяқталуға жақын - тек техникалық жұмыстар қалды. Сауда қызметі жөнінде - біз бүгінгі күні қалыптасқан бірнеше проблемалық мәселелерді шешудің жолдарын белгіледік. Ал жүйелі мәселелерге қатысты айтсақ, біз үшін ең маңызды мәселе қазақстандықтарды қамту екіжақты келіссөздер аясына енгізілді және көп жақты форматқа ауыстырылды. Бұл біз үшін ірі жетістік болып табылады», - деген журналистерге арналған брифингте Ө.Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар