Петропавлдық зейнеткер әйелден телефон алаяғы 3 мың доллар бопсалаған

Полицейлер хабарлап отырғандай, соңғы кездері өз құрбандарын зейнеткерлер арасынан таңдайтын телефон алаяқтарының саны артып барады. Петропавл қаласының тұрғыны, зейнеткер жасындағы азаматшаға белгісіз азамат хабарласып, өзін Ресей Федерациясының Қорған қаласының ІІБ милиция қызметкері деп таныстырып, әйелдің осы қалада тұратын ұлының қару сақтағаны үшін милицияға түскенін және оның тұтқыннан құтылуы үшін 3 мың АҚШ долларын төлеуі тиіс екендігін хабарлаған.
Осыншама ақша зейнеткер әйелде болмады. Ақыр аяғында ақшаның көлемі кеміп, 163 мың теңге ақшаны зейнеткер әйел белгісіз азаматтың Қарағанды қаласындағы есебіне аударып жіберді. Ақшаны жіберер алдында ол ұлына телефон шалғанымен, қандай да бір жағдаймен ұлы телефонға жақындамады.
Ол тек кешке қарай ғана баласымен сөйлесе алды. Баласының жағдайы жақсы, милицияға түспепті. СҚО ІІД Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде зейнеткер жіберген ақшаны алған такси жүргізушісі құрықталды. Оның айтуынша, аталмыш ақшаны ол өзінің ескі танысының өтініші бойынша үш есепшотқа аударды. Өзінің үлесін де ұмытпады. Ал ақшаның ұрланған екендігін ол білмеген сыңайлы.
Такси жүргізушінің айтуынша, оның ескі танысының есімі Владимир, ол қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатыр. Такси жүргізушісі айтқандай, Владимир оның телефонының балансын жиі сұрап отырған және уақыт өте келе толық көлемде қайтарып отырды.
Қазіргі уақытта полицейлер Владимирдің жеке тұлғасын анықтап, оның қай түрмеде отырғанын және такси жүргізушісінің ақша аударымдарын жасаған есепшоттарын анықтау үстінде.