Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Петропавлға кіре берісте үш күн бойы 30 шақты жүк көлігі қаңтарылып тұрды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Артық жүк тиегені үшін тексеруден және айыппұлдан қашпақ болған жүргізушілер 32 жүк көлігін жол жиегіне қалдырып, өздері оқиға орнынан кетіп қалған.

Петропавлға кіре берісте үш күн бойы 30 шақты жүк көлігі қаңтарылып тұрды
Фото: Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті

Мамандардың айтуынша, «Жол қауіпсіздігі» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында республикалық автожолда көліктік бақылау инспекциясы, полиция қызметкерлері және арнайы мақсаттағы жасақ бірлескен бақылау бекетін ұйымдастырған.

Тексеріс жүріп жатқанын білген жүргізушілер көліктерін жол шетіне, Петропавлға кіре берісте тастап кеткен.

— Автомобиль жолдарын сақтау және көліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында «Жол қауіпсіздігі» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Осыған байланысты артық жүк тиеген көлік жүргізушілері жауапкершіліктен қашып, таразыдан өтпеу үшін қашып отыр. Бұл көліктердің барлығының жүргізушілері, кімге тиесілі екені анықталды. Жылда мың шақырымға жуық автожол жөнделеді. Осындай ыстық күнде көлікке артық жүк арту жолды бүлдіреді. Сол себепті материалдық шығынды өндіру үшін сотқа талап-арыз жолдаймыз, — дейді Солтүстік Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев.

Петропавлға кіре берісте үш күн бойы 30 шақты жүк көлігі қаңтарылып тұрды
Фото: Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта облыс жолдарында жүк көліктерін өлшейтін төрт арка — автоматтандырылған таразы орнатылған. Бейнекамера орнатылғандықтан, бұрынғыдай нөмірді жауып өту мүмкін емес.

Ал жүк көлігін жүргізушілер қолданыстағы салмақ шектеулерін сақтаған жағдайда кейбір жүк тасымалының экономикалық жағынан тиімсіз болатынын айтады. Олардың пікірінше, осы себепті кейбір компаниялар артық жүк тиеуге мәжбүр.

Сондай-ақ жүргізушілер мобильді салмақ өлшеу бекеттерінің қалаларға кіреберісте орналасуын әділетсіз деп есептейді. Қазір жүк көлігі жүздеген шақырым жол жүріп өткеннен кейін ғана тексеріледі. Олардың пікірінше, қазіргі тәжірибе жолдағы заң бұзушылықтың алдын алудан гөрі, айыппұл салуға көбірек бағытталған.

Петропавлға кіре берісте үш күн бойы 30 шақты жүк көлігі қаңтарылып тұрды
Фото: Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, бүгінде жағдай қалыпқа келді. 

— 19 шілде күні сағат 14:30–да барлық 32 ауыр жүк көлігі жүргізушілерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін олар салмақтық бақылау бекетіне барып, өлшеу рәсімінен өтті және өз бағыттары бойынша жолдарын жалғастырды. Барлық жүргізушіге қатысты уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдады, — дейді полицейлер. 

Қазақстан заңнамасына сәйкес, артық жүк тиегені үшін қомақты айыппұл қарастырылған. Жеке кәсіпкерлерге жүктің салмағы белгіленген мөлшерден 1–5 тоннаға артық болса — 40 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), 5–10 тонна аралығында болса — 80 АЕК, ал 10 тоннадан артық болған жағдайда 120 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Орта және ірі бизнес субъектілері үшін бұл айыппұл көлемі бұдан да жоғары.

Бұған дейін биыл рекордтық 11 мың шақырым автожол жөнделіп жатқанын жазған едік.