PGL Astana 2026: елордадағы турнирге алғашқы ойын күнінде 7 мың көрермен келді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Counter-Strike 2 бойынша өтіп жатқан PGL Astana 2026 халықаралық турнирі сәтті басталды. Barys Arena кешенінде ұйымдастырылған жарыстың алғашқы ойын күніне шамамен 7 мың көрермен жиналып, елорда тұрғындары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

PGL Astana 2026: елордадағы турнирге алғашқы ойын күнінде 7 мың көрермен келді
Фото: Астана әкімдігі

Турнирдің жартылай финалына MOUZ, Team Spirit, Magic және Falcons командалары жолдама алды. Алғашқы күннің өзінде көрермендер тартысты кездесулерді, әсерлі ойын сәттерін және іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын тамашалады.

Жанкүйерлердің ерекше назары қазақстандық ойыншылардың өнеріне ауды.

Аренада қолдау көрсету атмосферасы орнап, трибуналар сүйікті командалары мен киберспортшылардың әрбір сәтті әрекетін қызу қолдап отырды.

PGL Astana 2026: елордадағы турнирге алғашқы ойын күнінде 7 мың көрермен келді
Фото: Астана әкімдігі

Турнир қонақтарының қатарында Counter-Strike бойынша әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, FURIA Esports командасының ойыншысы Даниил Голубенко, стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі James Banks, сондай-ақ әлем чемпионы Габриель Толедо болды.

«Barys Arena-дағы атмосфера керемет болды. Киберспорт төңірегінде мұндай үлкен қызығушылықты көптен бері көрмеппін. Трибуналарда ерекше энергия сезілді.

PGL Astana 2026: елордадағы турнирге алғашқы ойын күнінде 7 мың көрермен келді
Фото: Астана әкімдігі

Көрермендер командаларға қолдау білдіріп, ұрандап, әрбір раундқа шынайы жанкүйер болды. Осындай турнирге қатыса алғаныма қуаныштымын», – деді жанкүйерлердің бірі.

Ұйымдастырушылар мен сарапшылардың айтуынша, мұндай турнирлерді өткізу оқиғалық туризмді дамытуға ықпал етіп, Астананың ірі халықаралық киберспорт жарыстарын қабылдайтын алаң ретіндегі мәртебесін нығайтады. Шетелдік қонақтар жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, елорданың заманауи инфрақұрылымын және Қазақстан жастарының киберспортқа қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

PGL Astana 2026: елордадағы турнирге алғашқы ойын күнінде 7 мың көрермен келді
Фото: Астана әкімдігі

Бүгін, 16 мамырда турнир екінші ойын күнінің матчтарымен жалғасады. Жанкүйерлер алдында мықты командалардың жаңа кездесулері өтеді. 

Еске сала кетейік, бұған дейін елордада PGL Astana 2026 халықаралық турнирі басталғанын жазғанбыз.