PGL Astana 2026 халықаралық турнирін екі күнде шамамен 16 мың көрермен тамашалады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы Barys Arena кешенінде Counter-Strike 2 бойынша өтіп жатқан PGL Astana 2026 халықаралық турнирінің екінші ойын күні аяқталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жартылай финал кезеңіне Астанадағы аренада шамамен 9 мың көрермен бас қосты. Ал онлайн трансляциялардың жалпы аудиториясы 500 мыңға жуық көрерменге жетті. Бұл турнирге халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетіп, Астананың әлемдік киберспорттың маңызды алаңдарының бірі ретіндегі статусын нығайта түсті.
16 мамыр күні көрермендер турнирдің жартылай финалдық матчтарын тамашалап, оның қорытындысы бойынша гранд-финалға жолдама алған командалар анықталды. Алғашқы жартылай финалда еуропалық Team Spirit ұжымы германиялық MOUZ командасын жеңді.
Ойын күнінің екінші матчында Team Falcons командасы құрамында қазақстандық Moon өнер көрсеткен MAGIC командасымен кездесті. Жергілікті жанкүйерлердің қызу қолдауына қарамастан, Falcons жеңіске жетіп, финалға шықты. Енді олар шешуші кездесуде Team Spirit-пен бақ сынасады.
Жанкүйерлердің айтуынша, турнирдің екінші ойын күні тіпті әсерлі болған – трибуналар командаларға үздіксіз қолдау көрсетті.
– Мен PGL турнирі үшін Астанаға алғаш рет келіп тұрмын және ерекше әсер алдым. Арена заманауи, жанкүйерлер командаларды өте белсенді қолдайды. Киберспорттың мұнда жоғары деңгейде дамып жатқаны байқалады, - деді шетелдік қонақтардың бірі.
Турнир 17 мамыр күні жалғасады. Жарыстың соңғы күні көрермен халықаралық турнирдің жеңімпазы анықталатын шешуші матчқа куә болады.
Айта кетейік, бұдан бұрын елордадағы PGL Astana 2026 турнирінің алғашқы ойын күнінде 7 мың көрермен келгенін жазған едік.