Philip Morris Қазақстанда жаңа зертханаға инвестиция салмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ТМД және Орталық Азия аймағы бойынша Philip Morris International президенті Марко Мариоттимен кездесті.
Кездесуде Серік Жұманғарин көп жылғы ынтымақтастығы мен Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін компанияға алғыс айтты.
— Philip Morris Kazakhstan көп жылдан бері еліміздің ірі шетелдік инвесторының бірі. Біз компанияның жұмыс орындарын ашуға, өндірістік әлеуетті дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және Қазақстанның экспорттық мүмкіндігін нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз, — деп атап өтті вице-премьер.
Кездесу барысында тараптар құрамында никотин бар және никотин жоқ өнімдерге арналған Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінің жобасын әзірлеуді талқылады.
Серік Жұманғарин Қазақстан ЕАЭО шеңберінде техникалық реттеудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруды қолдайтынын атап өтті. Сонымен бірге әзірленіп жатқан техникалық регламент Одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасы ерекшеліктерін ескеруге, халық денсаулығын қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге және құрамында никотин бар өнімдердің әртүрлі санатын реттеу кезінде құқықтық қайшылықтар туғызбауы тиіс.
Қазақстан Республикасының халық денсаулығын қорғау саласындағы қолданыстағы заңнамасын, сондай-ақ елдің темекіні бақылау саласындағы халықаралық міндеттемелерін сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде шекпейтін темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу белгіленгені атап өтілді.
Марко Мариотти компанияның Қазақстанда ЕАЭО, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдерінің кәсіпорындарына қызмет көрсету үшін өнімдерді тестілеу және талдау бойынша заманауи зертхана құру жоспарлары туралы хабардар етті. Жобаны халықаралық стандарттарға сәйкес компанияның өз инвестициялары есебінен жүзеге асыру жоспарлануда.
Кездесу қорытындысында тараптар Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде техникалық реттеу мәселесі бойынша сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға, қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының халық денсаулығын қорғау саласындағы ұлттық заңнамасының талаптарын сақтауға мүдделілігін растады.
Айта кетелік Efes пен Coca-Cola Қазақстанда 10 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді.