Пирамидалар, «тіске кеткен» миллиардтар, блогерлер былығы - 2025 жылғы ең ірі қаржылық алаяқтықтар

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Қазақстан ауқымды қаржылай қылмыстардың дүмпуіне тап болды. Зейнетақы жинақтары арқылы жасалған алаяқтықтардан бастап, блогерлік схемалар мен банктерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топтарға дейінгі істер қоғамды дүр сілкіндіріп, ел арасында қызу талқыланды. Зардап шеккендерге келтірілген жалпы шығын ондаған миллиард теңгеден асқан. Мыңдаған азаматты тұзаққа түсірген ондаған адам жауапқа тартылды.

ирамидалар, «тіске кеткен» миллиардтар, блогерлер былығы - 2025 жылғы ең ірі қаржылық алаяқтықтар
Коллаж: Kazinform

Жинақтан жымқырылған ақша

2025 жылғы қазанда Қаржылық мониторинг агенттігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаражатты заңсыз шығарды деген күдікпен жалған стоматологиялық клиникалардың үш иесіне іздеу жариялады.

БЖЗҚ-дан 46 млрд теңгені шығару
Фото: ҚМА

Агенттіктің мәліметінше, Аслан Дүйсенов, Ғаббас Иманбаев және Есімхан Елешев стоматологиялық қызмет көрсетілді деген желеумен жалған медициналық құжаттарды рәсімдеу арқылы қылмыстық схема ұйымдастырған. Келтірілген жалпы шығын 46 млрд теңгеден асты.

Ақтау мен Атырау қалаларында орналасқан жеті стоматологиялық клиника пайдаланылған. Алайда олар іс жүзінде медициналық қызметпен айналыспаған. Күдіктілер қамауға алынды.

Олардың бірі - Аслан Дүйсенов бұрын полицияда қызмет атқарған, кейін теріс қылығы үшін жұмыстан шығарылған. 2016 жылы ҚР ҚК-нің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) және 362-бабы (Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану) бойынша ауыр қылмыстар жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Бұл резонансты іс зейнетақы жинақтарын пайдалану жүйесіне түбегейлі өзгеріс әкелді. Қылмыстық схема әшкереленгеннен кейін көп ұзамай Денсаулық сақтау министрлігі емделуге арналған зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына түзетулер дайындады. Нәтижесінде қазақстандықтарға БЖЗҚ қаражатын стоматологиялық қызметтерге жұмсауға тыйым салынды.

Кейін шектеулер тізімі кеңейтілді: енді зейнетақы жинақтарын офтальмологиялық емдеуге және пластикалық операцияларға да пайдалануға болмайды.

Адамды ұрлап, несие алғызған

Осы жылдың қыркүйегінде Ақмола облысының прокурорлары әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі көлемде несие рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтады.

четыре казахстанских БВУ сделали совместное заявление
Коллаж: Kazinform

Топ құрамына елдің әр өңірінен 25 адам кірген. Олардың арасында Kaspi Bank, Forte Bank, «Еуразиялық банк», Jusan Bank сынды банктердің қызметкерлері де болған. Осылайша, бес жылдан астам уақыт бойы алаяқтық әрекеттер жасалған. Қылмыстық топтың барлық мүшелері ұсталды.

Жалпы саны 348 қазақстандық зардап шеккен. Келтірілген материалдық шығын көлемі - 3,7 млрд теңге.

Тергеу барысында қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлік анықталды: Алматы қаласындағы пәтерлер мен жер телімдері, қымбат автокөліктер, ірі көлемдегі қолма-қол ақша. Тәркіленген мүліктің жалпы құны - 2,7 млрд теңге.

Кейіннен Kaspi Bank, Forte Bank, «Еуразиялық банк» және Alatau City Bank бірлескен мәлімдеме жасап, аталған қылмыстық іске қатысты жұмыс істеп жүрген немесе бұрынғы қызметкерлерінің қатысы бар екені туралы деректердің өздеріне белгісіз екенін хабарлады.

Қаржы пирамидаларының құрығына іліккендер

Биылғы жылдың қазан айының соңында Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Nazira Gold» қаржы пирамидасын құру және басқару ісі бойынша үкім шығарды.

Более 4 тысяч человек пострадали от финпирамиды «Nazira Gold» — в Шымкенте вынесен приговор
Фото: Кадрдан видео

Өзін зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған ұйымдастырушылар салымшыларға салынған қаражаттың ай сайын 20-40%-ы көлемінде табыс түсіріп отыруға уәде еткен. Алайда іс жүзінде төлемдер сатудан түскен пайда есебінен емес, жаңа қатысушылардың салымдары арқылы жүзеге асырылған. Қаражат қолма-қол түрде және банк аударымдары арқылы жиналған. Тартылған ақшаның жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеден асты.

4 мыңнан астам адам пирамиданың құрбаны болды. Сот тоғыз адамды кінәлі деп танып, оларға 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот шешімімен 402 млн теңге көлеміндегі ақша қаражаты, 52 автокөлік, жеке тұрғын үй, қымбат тұрғын үй кешендеріндегі екі пәтер және 17 келі зергерлік бұйым тәркіленді.

Тағы бір ірі қылмыс Маңғыстау облысында тіркелді. Мамыр айында ҚМА департаменті «Sax Invest» қаржы пирамидасының бөлімшесін басқарған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізді.

алмазы
Фото: pixabay.com

Компания өзін инвестициялық қор және Африкадағы алмас өндіру жөніндегі халықаралық жобаның қатысушысы ретінде көрсеткен. Нәтижесінде мыңнан астам салымшыдан 9 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз тартылған.

Тергеу барысында салынған қаражаттың басым бөлігі компанияның есепшотына емес, пирамиданы ұйымдастырушы Меңдіғалиевтің жеке шотына тұрақты түрде аударылып отырғаны анықталды.

2024 жылғы қарашада Меңдіғалиевке халықаралық іздеу жарияланды. Күдіктілердің жалпы құны 600 млн теңгені құрайтын мүлкіне тыйым салынды.

Сондай-ақ Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларында қаржы пирамидасының бөлімшелерін басқарған 10 адам күдікті ретінде танылды. Олардың жетеуі сот санкциясымен қамауға алынды.

Тағы бір ірі қаржы пирамидасы - «Amanat Drive» маусым айында Алматы облысында әшкереленді. Ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді пайызсыз бөліп төлеу арқылы сатып алуды ұсынған. Алайда міндеттемелер ішінара ғана орындалып, мүлік негізінен күдіктілердің туыстары мен жақын таныстарына берілген.

Пирамидаға 8 мыңнан астам салымшы тартылып, салынған қаражаттың жалпы сомасы 21 млрд теңгеден асты. Қылмыстық жолмен түскен табысқа жер үйлер, елордадағы пәтерлер, HUMMER H2 және Lexus LX570 секілді қымбат автокөліктер сатып алынған. Тәркіленбес үшін бұл мүлік сенімді адамдардың атына рәсімделген.

ҚМА
Фото: ҚМА

Сот санкциясымен барлық мүлікті және тұтыну кооперативінің есепшоттарын пайдалануға тыйым салынды. Қаржы пирамидасының негізгі ұйымдастырушысы қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Жалпы ҚМА деректеріне сәйкес, тек Алматы облысының өзінде қаржы пирамидаларының салдарынан 12 мыңнан астам адам зардап шеккен. Заңсыз тартылған қаражаттың жалпы көлемі 58 млрд теңгеден асып жығылды. Келтірілген шығынды өтеу мақсатында жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді қоса алғанда 23,1 млрд теңгеден астам сомадағы мүлікке тыйым салынды.

Қалтаға кеткен қайырымдылық ақшасы

2025 жылдың шілде айының соңында Қаржылық мониторинг агенттігі ұлын емдету үшін қомақты қаражат жинаған ерлі-зайыптыларға қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

Квартиры, реклама, ставки: супруги из Астаны нажились на пожертвованиях сыну
Фото: Видеодан кадр

Әлеуметтік желідегі халықтың сенімі мен жанашырлығын пайдалана отырып, ерлі-зайыптылар 1,3 млрд теңгеден астам қаражат жинаған. Алайда баланың еміне бар болғаны 6,4 млн теңге ғана жұмсаған. Қалған қаражатты жеке қажеттіліктеріне пайдаланған: елордадан үш пәтер, жер телімі, бес автокөлік сатып алған. Қаражаттың бір бөлігі букмекерлік кеңседе бәс тігуге жұмсалған.

Қажетті сома толық жиналғанына қарамастан, шетелде ота жасалмаған. Бұдан бөлек, сенімді арттыру мақсатында ерлі-зайыптылар Instagram желісінде әуежайға барған видеоларды жариялап, «ота сәтті өтті» деген жалған жазба да орналастырған.

Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған барлық мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер үйқамаққа алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.

Сонымен қатар сәуір айында Алматы қаласында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық күдігімен ұсталды. Қор балалар мен қарттарға көмек көрсету үшін қаражат жинаған, ал Сариев әлеуметтік желіде өзін «Қазақтың Робин Гуды» деп атаған. Ол өзін музыкант әрі концерт ұйымдастырушы ретінде де таныстырған.

Іс бойынша екі адам жауапқа тартылды: Ілияс Сариевтің өзі және туристік компаниямен байланысы бар Ақтоты Дүйсеева. Оларға «Ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Сариев пен Дүйсеева Instagram арқылы Меккеге жолдамаларды нарықтан төмен бағамен, яғни 500-600 мың теңгеге сатып, люкс санаттағы қонақүйлерде орналастыруды уәде еткен. Атырау облысынан бір жәбірленуші алдымен 100 мың теңге, кейін тағы 1 млн теңгеден астам қаражат аударған.

Сотта ауыр науқас балалардың туыстары да сөз сөйледі. Олардың айтуынша, емге қаражат жиналады деген үмітпен Сариевке ірі сомалар аударған, алайда бұл ақша жеке қарыздарды өтеуге жұмсалып, уәде етілген қайырымдылық жинақтары ұйымдастырылмаған.

Ильяс Сариев, Робин Гуд
Фото: instagram.com/qazaq_robin_hood/

Тергеу нәтижесінде алаяқтықтың 26 эпизоды анықталып, бір іске біріктірілді. Жекелеген жағдайлар бойынша келтірілген шығын 500 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейін жеткен, ал жалпы сома 33,5 млн теңгеден асты. Шығынның бір бөлігі өтелді.

Сариев сотта кінәсін ішінара, нақты айтқанда 26 эпизодтың алтауы бойынша ғана мойындады. Екінші айыпталушы Ақтоты Дүйсеева да кінәсін туристік компанияға қатысты эпизодтар аясында ішінара мойындаған.

4 желтоқсанда сот Сариевті кінәлі деп танып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия қолданылып, жаза мерзімі қысқартылды. Нәтижесінде түпкілікті жаза мерзімі 3 жыл 8 айды құрады.

Ақтоты Дүйсеева 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Амнистиядан кейін жаза мерзімі 3 жылға қысқартылды. Оның жазасын өтеуі 2028 жылға дейін, баласы 14 жасқа толғанға дейін шегерілді.

Блогерлердің былығы

Биыл Қаржылық мониторинг агенттігі блогерлердің заңсыз қызметіне бақылауды күшейтті. Атап айтқанда, қазан айында ҚМА Жанәбіловтер әулетіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Сот талқылауына себеп - 10 автокөлік ойнатылған ұтыс ойындарын өткізу болды. Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитетіне блогерлердің лотерея қызметі туралы заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру қажеттігі жөнінде арыз түскен.

Дела блогера Жанабылова и его супруги переквалифицированы в уголовные
Коллаж: Kazinform/ Canva/ hyundai.com/ instagram.com/zhanabylov_e

Кейін комитет Жанәбіловтер ұсынған курстарды сатып алып, олардың мазмұны мәлімделген сипаттамаға сәйкес келмейтінін анықтаған. Ведомство дерегінше, бұл курстар формалды сипатта болған, практикалық құндылығы жоқ, ал 30 мың теңге көлеміндегі бағасы негізсіз жоғары қойылған.

2025 жылғы 15 қыркүйекте сот блогерлер Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанәбіловке қатысты істерді Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолдау туралы шешім қабылдады. Сот олардың әрекеттерінен қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін байқаған. 16 қазанда блогерлерге қатысты ҚР ҚК-нің 214-бабы 1-бөлігі («Заңсыз кәсіпкерлік») бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, агенттікке материалдар соттағы апелляция қаралғаннан кейін келіп түскен.

- Сот шешімді жариялаған соң, әкімшілік іс жүргізу материалдары бізге берілді. Сот қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін анықтады. Қазір нақты мерзімдерді айту қиын. Бірақ шамамен екі ай ішінде аяқтаймыз деп ойлаймын, - деді ол Сенаттағы брифинг барысында.

Сондай-ақ ол блогерлер қызметінен түскен нақты кіріс сомаларын әзірге анықтау қиын екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, ҚМА басқа бір блогер - Нұртаза Нұрбекке (Just King) қатысты материалдарды да уәкілетті органдарға жолдады. Қазіргі уақытта оның онлайн-белсенділігі аясында алынған кірістер мен шығыстардың көлемі анықталып жатыр. Әзірге Нұртаза Нұрбекке қатысты ресми шешім қабылданған жоқ.

блогер Нуртаза Нурбек (Justking31)
Фото: instagram.com/justking31/

Осы жылдың қыркүйек айында ҚМА блогердің қатысуымен тағы бір ірі алаяқтық схеманы анықтады. Ведомство елдің түрлі қалаларында жұмыс істеген, комиссиондық дүкендер ретінде жасырынған ломбардтардың ірі желісі арқылы заңсыз микрокредит беру схемасы ұйымдастырылғанын хабарлады. Республика бойынша шамамен 200 филиал жұмыс істеген.

«Актив Ломбард» желісінің иесі Сергей Койнов сенімді тұлғалардың атына «Актив Маркет» брендімен жұмыс істеген бірнеше компанияны рәсімдеген. Бұл компаниялар ресми түрде тауарлар мен тұрмыстық техниканы сатып алумен айналысқандай көрінген.

Десе де, іс жүзінде олар мүлікті кепілге алып қарыз беру қызметін жүзеге асырған, яғни лицензиясыз ломбардтық несие беру ісімен айналысқан. Комиссиондық дүкендер мен ломбардтар бір мезгілде, бір ғимараттарда және бір қызметкерлермен жұмыс істеген.

Блогера Mellstroy объявили в розыск в Казахстане
Фото: instagram.com/mellstroy

Елдің барлық өңірлерінде 200-ден астам тінту шарасы жүргізіліп, заттай дәлелдер табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Ал осы жылдың қараша айында тағы бір танымал блогер, Беларусь азаматы, 26 жастағы Андрей Буримге (Mellstroy) Қазақстанда іздеу жарияланды. Ол әлеуметтік желі арқылы Mellstroy.game онлайн-казиносын кең көлемде жарнамалауды ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Бұл жарнама науқаны Қазақстан пайдаланушыларына да бағытталған.

Онлайн-казиноны насихаттау үшін блогер ұтыс ойындары мен челлендждер ұйымдастырып, қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және өзге де әлеуметтік желілерде Mellstroy.game бренді, казино логотиптері мен сайт сілтемелері көрсетілген видеолар түсіруді ұсынған.

Еске салсақ, бұған дейін биыл алаяқтар 6,1 мыңнан астам азаматты алдағаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар