Пышақ ұстау қандай жағдайда заң бұзушылыққа жатады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында пышақты заңды түрде алып жүрудің шарттарын түсіндірді. 

пышақ
Фото: Kazinform

– Суық қаруды (пышақтарды) кәмелетке толған адамдар азаматтық қаруды сақтауға және алып жүруге арналған рұқсаты, сондай-ақ, аңшы куәлігі болған жағдайда сатып алады, – делінген хабарламада. 

Демек, пышақты ұстауға ғана емес, сатып алуға да арнайы рұқсат керек. Сонымен бірге, сатып алынған суық қару иесінің аңшы куәлігіне енгізілуі қажет. Одан бөлек, пышақты мамандандырылған дүкендерде сатып алу шарт.

– Министрлік қарудың кез келген түрін, сондай-ақ қаруға конструкциялық жағынан ұқсас бұйымдарды өткізу туралы ақпаратқа тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Аталған ақпарат расталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті ден қою шаралары қабылданады. Азаматтық қаруды өткізу тек мамандандырылған дүкендердің сауда залдарында жүзеге асырылады, – делінген ресми жауапта.

Тағы бір айта кететін маңызды жайт – «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңның 7-бабы 2-бөлігі 9-тармағына сәйкес, тиісті тіркеусіз 90 миллиметрден асатын сұқпа суық қарудың айналымына тыйым салынады.

Демек, тұрмыстық мақсатта пышақ ұстасаңыз, оның ұзындығы 9 сантиметрден аспауы тиіс. Пойызға, көлікке не басқа да қажетті жерлерге пышақ алып шыққанда, осы норманы ескергеніңіз абзал.

Сонымен қатар, ІІМ биыл 8 айдың қорытындысы бойынша 6 жедел-профилактикалық іс-шара өткізілгенін мәлімдеді. Олар қару қолдану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ заңсыз сақталатын қару-жарақ заттарын анықтауға бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі дендросаябақ маңында жасөспірімді пышақтап кеткенін жазғанбыз.

Ал Талғарда нан сататын орынның иесін пышақтап өлтірді.

Оралда бұрынғы күйеуін пышақтаған әйел үш жылға сотталды.

Сондай-ақ, Түркістанда әйелін пышақтап өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынды