Пышақ жарақаты, тұмау, ұстама: Жедел жәрдем дәрігерінің бір күні
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қоғамда тәулік бойы тыным таппай қызмет ететін кәсіп иелері бар. Соның бірі — жедел жәрдем. Бүгін таңертең қызметке түскен дәрігерлер келесі күнге дейін жұмыста болады. Мерекені қызмет бабында өткізу оларға таңсық емес. Kazinform тілшісі бір күн бойы сала мамандарының қасында жүріп, жұмысымен танысты.
— Дәрігер болу, әрине оңай емес. Әсіресе, жедел жәрдем көрсету саласының өзіндік қиындықтары көп. Қызметке түскен бір тәулік ішінде күтпеген оқиғаларға кез боласың, — дейді дәрігер Мағжан Назаров.

Мағжанмен жедел жәрдем станциясында жолықтық. Таңғы сағат 07:45. Ауысымды тапсырған бригада үйлеріне қайтуға асығып жатыр.
Ал, қабылдап алушылар болса, керек-жарағын түгелдеп әлек. Мағжан ең алдымен дәрігерлік қорапшадағы дәрілерді түгендеп шықты.
Жүргізуші Руслан Шайыхов көліктің май-суын тексеруде. Фельдшер Нартай Жақсыбек қажетті дәрілерді толықтырып, тізімін жасап жатыр.
Осылайша бригаданың әрбір мүшесі өздерінің күнделікті қызметін атқарып әлек.

— Сіз келемін дегенше көліктің ішін жуып тазалап қойғанбыз. Ал, өзіміз дәрігерлік тексеруден өттік. Себебі, температура мен қан қысымымыз жоғары болса, жұмысқа шығуға рұқсат етпейді. Ал, көліктің іші күнделікті химикатпен тазаланады. Күні бойы әр түрлі науқастар мінеді. Сол себепті жақсылап тазартып отырамыз, — деді дәрігер Мағжан Назаров.

Сөйтіп алғашқы шақыртуды күттік. Қазіргі кезде жедел жәрдем қызметінің жүйесі цифрландыруға көшкен.
103 қызметіне тұрғындардан түскен қоңырау бірден бридаға жолданады. Бұрынғыдай рациямен немесе телефонмен хабарлап отыру деген мүлдем жоқ.
Әрбір бригадаға планшет берілген. Сонда шақыртудың қай категорияға жататыны және мекенжайы толық көрсетіліп тұрады.

— Бізде көп халық бұл жүйені түсінбейді. Мәселен, Созақтан қоңырау шалған тұрғын «Неге біздің қоңырау бірден Түркістанға түседі? Сендер оны қайтадан Созаққа жібересіңдер. Сол кезде қаншама уақыт өтіп кетеді?» деп ренжиді. Мүлдем олай емес, бір минутқа жетер жетпес уақытта Созақта болсын немесе Жетісайда болсын, бридгаданың планшетіне хабар түсіп, шақыртуға көлік шығып кетеді, — дейді Мағжан.
Сағат 10:58-де алғашқы қоңырау түсті. Жаңа қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйдің біріне бардық. 34 жастағы ер кісіні ара шағып алыпты.
Содан аллергиясы қозып, дем жетпей жатыр. Дәрігерлер қан қысымын тексерген соң бірден алғашқы көмек көрсетті. Екпе екті. Жағдайы қалыпқа келген соң базаға қайттық.
Көліктегі әріптестер «жедел жәрдемде фельдшерге жүктелер жұмыс ауыр» деп әзілдейді. Себебі, дәрі-дәрмек толы қобдишаны көтеріп жүру оңай емес.

Ал, ауыр науқасқа барғанда салмағы 15 келі келетін реанимациялық кейсті де көтеріп жүру қажет.
— Фельдшер болмаса біз жұмыс істей алмаймыз, ал олар бізсіз жұмыс істей береді, — дейді Мағжан.
Екінші шақырту сағат 14:17 шамасында болды. Бұл бірінші категориялы шақырту болған соң бізге де шапшаң қимылдауға тура келді. Көлік төбесіндегі жыпылдауықты қосып алған жүргізуші қала маңындағы Ынтымақ ауылына қарай жүйткіп барады.

Түркістанда жедел жәрдем көлігіне жол беру мәдениеті қалыптасып қалыпты. Мигалка дауысын естігеннен жүргізушілер дереу жол шетіне шығып, жол беріп жатыр.
— Бізде көлік кептелісі көп бола бермейді. Сондықтан жедел жәрдемнің жолын жауып қалатын жағдай әлі кездеспеді. Кей жағдайда бағдаршамда көлік артына тұрып қалатын кездеріміз болады. Дегенмен мүмкіндігінше жол табуға тырысамыз, — деді көлік жүргізушісі Руслан.
Телефон арқылы түскен хабарламадан үй иелері науқасты көлікке салып, бізге қарай алып шыққанын білдік. Содан жолда кездестік.
34 жастағы ауыл тұрғынының иығына абайсызда пышақ кіріп кеткен. Дәрігерлер дереу қанды тоқтатып, алғашқы көмек көрсетті. Кейін көлікке жатқызып, ауруханаға жеткіздік.

— Көбіне мұндай жағдайда адамдар қанның көп ақпағанына қарап, жеңіл жарақат деп ойлайды. Ал, қан тамырды кесіп өтпесе, ішке жинайды. Сондықтан сыртта ісік пайда болады. Науқастың сол жақ иығына пышақ кірген жарақаты болды. Өкпеге де зақым келген екен, — деді дәрігер.
Жедел жәрдемдегі дәрігерлер әрбір науқастың жағдайына қарап, белгіленген ауруханаларға алып барады.

Мәселен, инсульт, инфаркт және хирургиялық көмек қажет науқастарды Шәуілдір жолы бойындағы орталық ауруханаға жеткізсе, созылмалы ауруға шалдыққан науқастарды қала орталығындағы ауруханаға алып барады.
Түс қайта шақыртулардың саны арта бастады. Қаланың Жуковский аталып кеткен аймағынан түскен шақыртуға бардық.
Онда 1962 жылғы ер адам инсульт алыпты. Қан қысымы 220 асып кеткен. Өзі де есін әрең біліп жатты. Бұл кісіні де ауруханаға алып кеттік.
Мағжан Насыровтың айтуынша кешкісін шақыртулар көп болады. Себебі, аурудың барлығы кешке қозады. Әсіресе, тұмау.

Күндіз жұмыс бабымен жүрген жандар үйге келген соң бірден температурасы көтеріліп, қалтырай бастайды. Содан дәрі-дәрмек ішіп тынышталады. Ал, дәрінің күші жетпеген соң жедел жәрдемге қоңырау соғады.
Сағат 18:00-ден кейін бірнеше шақырту түсті. Оның ішінде ұстамсы ұстап құлаған науқас та болды. Дәрігерлер оған тыныштандыратын укол салды.
Ал, температура бойынша барған 4 шақыртуда алғашқы көмек көрсетті. Баршасы тұмауратып ауырған.

Дәрігерлер қажетті ем-дом жасап, өздерінің учаскелік дәрігеріне көрініп, қажетті ем алу керектігін ескертті. Ал 2,5 жасар кішкентай қызды ауруханаға жеткіздік.
— Қыс мегізілі болғандықтан қазір тұмау көп. Сондықтан әрбір тұрғын сақтанғаны жөн. Жылы киініп, жылы су ішіп жүргені дұрыс, — деді дәрігер.
Сондай-ақ, түнгі 23:24 шамасында қала маңындағы Ибата ауылынан түскен шақытуға бардық. Ауылға дейін 50 шақырымға жуық жол жүрдік. Науқастың ұстамасы бар екен. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсетті.

— Кейде қара аспанды төндіріп шақыратындар болады. Тіпті диспетчерге аты-жөнін де айтпайды. Сондай бір шақыртуда бүкіл аппаратты көтеріп, үйге кірсек, науқас деген көкеміз әңгіме айтып отыр. Жағдайын сұрасақ, «ауруханаға жату керек еді. Соған жедел жәрдеммен барсақ, алып қалады ғой. Көмектесіп жіберіңдер» деген уәж айтты. Тіпті ақшасын берейін, алып кет деп те өтінді. Басқа науқастарға көрсетілетін көмекке кедергі келтірмеуін өтініп, бірден қайтып кеттік, — деді Мағжан.

Базаға оралған соң бос уақытта қызмет бабындағы кездесетін қызықты жайттарды әңгіме еттік.
— Кейде шақырту түскен үйдің адресінен шатасатын кездер болады. Әсіресе, ауылдық жерде. Көшенің аты жазылмағандықтан басқа жолға түсіп кетіп жатамыз. «Сырты қоршалған үй, жарықты жағып қоямын» дейді. Содан біз «бүкіл ауылда тек сіздің үйіңізде ғана жарық жанып тұр ма?» деп күлеміз. Ал, кейде шақырушылар ауланың есігін ашып қояды, бірақ аулада үлкен ит жүреді. Ондай кезде де үйге кіру қиын, — дейді дәрігер.
Жедел жәрдемге арақ ішіп, жол бойында құлап жатқан адамдарды «алып кет» деп хабарласатындар да бар.
Ондай кезде бригада ол адамның қандай да бір жарақаты немесе науқас болса ғана көмек көрсетеді. Ал, араққа мас болып құлап жатса, полицияның қолына тапсырады.

Мағжан жедел жәрдемде жұмыс істеп жүріп, жас келінді үйінде босандырып алғанын да айтып берді.
— Қала аумағындағы Иқан деген ауылдан шақырту түсті. «Жәй толғақ қой, ауруханаға алып кетеміз» деген оймен бардық. Келіншектің жағдайына қарасақ, толғағы жиі болып тұр. Жолға шыдамайтынын білдік. Тіпті, бірінші рет босануы. Содан дереу қолғабымызды киіп, керек-жарақты әзірлеп жатырмыз. Ата-енесі мен жолдасы қорқып кетті. «Сендер босандырасыңдар ма?», «үйде босандырасыңдар ма?» деп бізге сенбей қайта-қайта сұрап жатыр. Уақыт жоғын айтып, бір бөлмені дайындаттық. Жарты сағат ішінде босандырып алдық. Толғақтың уколын салып, баланың жолдасын да түсірдік. Қыз бала дүниеге келді. Енесі жылап жатыр. Ал, атасы мен жолдасы қуанып жүр. Бірден босану бөліміне алып барып, дәрігерлерге табыстадық, — дейді Мағжан.
Шақыртулар түнгі сағат екіден соң тыныштала бастады.
Таңғы 4:35 шамасында жаңа қала аумағында іші ауырған баланы барып көруге тура келді. Соқыр ішекке күдікті деп болжанғандықтан дәрігерлер жігітті жіті тексеруден өткізді. Алайда күдік расталмады. Содан қажетті ем-дом жасап, базаға қайттық.

Таң да атты. Мұндағы бригада «таңға жуық шақырту түспесе» деп тілейді. Себебі тәулік бойы жұмыста жүргендіктен үйіне ертерек қайтуға асығады.
Ал ауысым аяқталар тұста, яғни сағат 07:00 мен 08:00 аралығында ауылдың бірінен шақырту түссе, сол науқасқа барып келгенше жұмыс жалғаса береді.
«Сағат 08:00 болды, ауысым бітті» деп кетіп қалу жоқ. Алған шақыртуға барып, алғашқы көмек көрсетіп келу қажет. Ол тіпті сағат 10 немесе 11-ге дейін жалғасса да.

Жалпы бір күнде біздің бригада 10 шақыртуға барды. Ақ халатты абзал жандар барлығында алғашқы көмек көрсетіп, тұрғындардың алғысын алды.
Сонымен жедел жәрдеммен бірге өткізген күніміз аяқталды. Мен де үйге қайттым…
