Піл, динозавр, құбыжық пішінді: Алматы ботаникалық бағындағы ерекше 10 ағаш
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы ботаникалық бағының 103,6 га аумағында дүние жүзінен әкелінген, сыртқы көрінісі ерекше ағаштар өседі. Олардың арасында сирек кездесетін, бірегей және Қызыл кітапқа енген ағаштар да бар.
Алматы ботаникалық бағының баспасөз қызметі сыртқы көрінісі ерекше, алыстан көз тартатын ағаштар жайында әлеуметтік желіде жазды.
1. Егер баққа солтүстік партерден кірсеңіз, онда кіреберістің оң жағында қылқан жапырақты ағаштардың бірін көруге болады. Бұл жылан тәрізді кәдімгі шырша. Ол біреулерге ағаш мамонтқа ұқсаса, басқа біреулерге динозавр немесе жылан орамына ұқсайды. Қалай десек те шырша ешкімді бей-жай қалдырмайды. Ағаш ботаникалық баққа 1965 жылы 5 жасында тірі өсімдік ретінде әкелінген.

2. Кәдімгі өріктің бір-бірімен симметриялы түрде өрілген діңдері де жұртты таң қалдырады. Өрік 70-жылдары отырғызылған. Оны Ботаника және фитоинтродукция институты ғимаратының жанындағы аллеядан көруге болады.

3. Жапон бағында өркендері ілулі тұратын ерекше таралу пішіні бар «Репенс» еуропалық балқарағай өседі. Оның бұтақтары тармақталған мүйіздерге ұқсайды. «Репенс» сорты жерде жайылған өркендермен сипатталады, сондықтан ағаш 1,5-2 м биіктікте егіледі. Жіңішке өркендер қатты салбырап, өсімдікке көркем көрініс береді.

4. Жапон бақшасында, сондай-ақ, әңгімелесетін орынның жанында ерекше жайылған бұдырлы қарағаш «Кампердауни» өседі. Ол шатырға немесе жағажай қолшатырына ұқсайды. Ағаш тез өседі және диаметрі 5 метрге жетуі мүмкін. Өсімдіктің ерекшелігі - бұтақтар төмен қарай өсіп, уақыт өте келе жерге салбырап түседі.

5. Солтүстік партердің орталығындағы қылқан жапырақты ағаштар да таң қалдырады. Олардың діңдері біртүрлі бұралып, жерге құлап түскендей жатады. Теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте өсетін тау қарағайы шынымен де солай өседі. Мықты бекіну үшін жартасқа тамырларымен жабысады.

6. Орталық тоғанның дизайнында австриялық қара қарағайдың кесілген пішіндері бар. Ағаштар жапондық Ниваки стилінде кесілген. Сондай-ақ мұнда барлығы сегіз кесу стилі бар. Сіз Тёкан стиліндегі ағаштарды көресіз.

7. «Кониферетум» учаскесінде қолшатыр түрінде қылқан жапырақты көре аласыз. Бұл Веймут қарағайы. Ол ағылшын теңіз саяхатшысы Джордж Веймуттың құрметіне аталған. Бұл әлі жас ағаш, болашақта 30-60 метрге дейін өседі. Веймут қарағайының бұтақтары ағаш діңінен екі жаққа бөлініп, сәл жоғары қарай өскен. Сол себепті оның формасы ерекше көрінеді.

8. Сондай-ақ, «Кониферетум» қылқан жапырақты өсімдіктер учаскесінде сіз қытай және виргин аршасының гибридін кездестіресіз, ол барлық ағаштар секілді жоғары жаққа емес, шетке қарай өскен. Олай өсуінің себебі жақын жерде тұрған Энгельман шыршасы жас ағашқа бөгет болып, оның жоғары қарай өсуіне мүмкіндік бермеген.

9. «Еуропа, Қырым және Кавказ» экспозициялық учаскесінде үшкір жапырақты үйеңкі өседі, ол да еріксіз өзіне назар аудартады. Оның жерге өте жақын орналасқан және шетке қарай өскен төменгі қалың бұтағы бар. Көп адам бұл ағашты пілге ұқсатып жатады, себебі, ұзын бұтағы пілдің тұмсығына, ал діңдегі өсінділер тістеріне ұқсайды.

10. Сондай-ақ, «Еуропа, Қырым және Кавказ» бөлімінде орналасқан қарағаш - ең қорқынышты ағаш. Мұнда сіз ауызы ашылған қорқынышты түрді көре аласыз. Себебі, мұнда ағаш діңінен ертегідегі құбыжық шығып келе жатқан секілді көрінеді.