Пластик қалдықтарына қарсы күрес: халықаралық келісімнің жаңа форматы енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан пластикпен ластануға қарсы күрес жөніндегі жаһандық келісімді әзірлеуге арналған бейресми кездесуге қатысты
Кенияның Найроби қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесінде пластикпен ластануға қарсы күрес жөніндегі халықаралық заңды күші бар келісімді әзірлеу мақсатында құрылған Үкіметаралық келіссөздер комитетіне қатысушы мемлекеттер делегациялары басшыларының бейресми кездесуі өтті.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы қатысты. Делегация болашақ халықаралық келісімнің негізгі бағыттары бойынша еліміздің ұстанымдарын ұсынып, мемлекеттердің көзқарастарын жақындастырудың ықтимал жолдарын талқылауға белсенді қатысты.
Аталған кездесу биылғы ақпан айында сайланған Үкіметаралық келіссөздер комитетінің төрағасы ұсынған жаңа жұмыс форматына байланысты ерекше маңызға ие болды. Дәстүрлі келіссөздерден айырмашылығы, пікірталастар бейресми форматта ұйымдастырылып, құжат мәтінін келісуге емес, пікір алмасуға, мемлекеттердің ұстанымдарындағы ортақ тұстарды айқындауға және болашақ келісімнің ең күрделі мәселелері бойынша өзара тиімді ымыралы шешімдер іздеуге бағытталды.
Талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттердің ұсыныстары мен ұстанымдарын жинақтайтын анықтамалық құжат әзірленеді. Бұл құжат 2026 жылғы қыркүйекте өтетін бейресми консультацияларға, сондай-ақ алдын ала 2027 жылғы наурызға жоспарланған Үкіметаралық келіссөздер комитетінің қайта жалғасатын бесінші сессасына (ҮКК-5.2) дайындықтың негізі болады.
Қазақстан пластикпен ластануға қарсы күрес жөніндегі тиімді әрі теңгерімді халықаралық келісімді әзірлеу мақсатындағы келіссөздер процесіне белсенді қатысуын жалғастырады.
Айта кетелік Атырауда пластик қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт ашылады.