Пластикалық хирургия: неліктен қазақстандықтар Кореяны таңдайды
Сеулдегі заманауи сұлулықтың ең сәнді эпицентрі – Гангнамда қазақстандықтар пластикалық хирургия бойынша жетекші орталықтың VIP пациенттері болып саналады. Ал, Оңтүстік Кореяның сұлулық стандарты әлемге белгілі. Жергілікті пластикалық хирургтер жоғары біліктілігінің арқасында ең мықты мамандар қатарына жатады. Бұл сала елге миллиардтаған табыс әкеліп отыр. Kazinform агенттігінің тілшісі Дәулет Ізтілеу Кореяның танымал пластикалық хирургі Чжу Квонмен әңгімелесіп қайтқан еді.


- Доктор Квон, Кореядағы пластикалық хирургия шетелдіктерді несімен қызықтырады?
- Корея әрқашан өзінің жоғары сұлулық стандарттарымен танымал және пластикалық хирургияның орталығы деуге болады. Медициналық туризм және пластикалық хирургия корейлердің өздері үшін ғана емес, көптеген шетелдік қонақтар үшін де басты тартымды факторға айналды. Әлде де көптеген шетелдік Кореяны өз денсаулығымен айналысып қана қоймай, көңіл көтеру үшін таңдайды.
Алайда, әртүрлі континенттер мен елдердің өзіндік ерекше сұраныстары бар. Мысалы, АҚШ азаматтары үшін семіздік проблемасы өзекті. Олар артық салмақтан арылу үшін келеді. Азия елдерінде қартаюға қарсы пластикалық отаға сұраныс жоғары. Әр пациенттің өз қалауы бар.
- Бүгінде қандай пластикалық операциялар ең танымал болып саналады?
- Бұрын мұрын мен көзге операция шетелдіктер арасында да, корейлерде де сұранысқа ие болды. Қазір адамдар ұзақ өмір сүріп, жастықты сақтағысы келетіндіктен, лифтинг және бетті жасарту сияқты, яғни қартаюға қарсы операциялар жоғары сұраныста. Көбі мұндай процедураларға 40 жасында жүгінеді. Бірде 80 жастан асқан пациент бет әлпетін толық көтеру үшін келді.
Біздің клиникада кез келген пластикалық отаны жасау мүмкіндігі бар. Бет операциясынан денені түзетуге дейін, соның ішінде контурлық пластика да жасалады. Өйткені, бізде бір дәрігер емес, бірнеше жоғары мамандандырылған маман жұмыс істейді. Олар блефаропластика да, ринопластика да жасайды.
Пластикалық хирургиядан басқа, біз тыртықтарды емдеуге арналған дің жасушаларының процедураларын ұсынамыз. Ол иммунитетті ынталандыру үшін көктамыр ішіне енгізіледі.

- Қандай операциялар ең күрделі болып саналады және қанша уақыт алады?
- Пластикалық хирургияда қартаюға қарсы операциялар күрделі. Беттің бір бөлігін қарапайым тартудан айырмашылығы – ол процедуралар маңдай мен мойынды қоса алғанда, бірнеше аймаққа кешенді әсер етуді қажет етеді. Мұндай операциялар айтарлықтай уақытты алады және дәрігер күні бойы операция бөлмесінде болады. Әр пациентке бір күн беріледі. Сол сияқты, дене операциялары да көп уақытты қажет етеді. Әдетте, шетелдік азаматтар барлық операцияны бір сапарда жасағысы келеді. Кейбір науқастар процедураларды екі бөлікке бөлуді жөн көреді, бір аптаны бетке, ал бір аптадан кейінгі уақытын денеге арнайды.
- Пластикалық оталардың құны неге байланысты?
- Операциялардың әртүрлі әдістері бар. Мысалы, бетті көтеру операциясында теріні ішінара ашатын әдіс бар және бүкіл процесс 2-3 сағатты алады. Дегенмен, бұл әсер қысқа мерзімді болуы мүмкін. Сонымен қатар, 20-30 жылға жасаруға қол жеткізуге бағытталған, бетті толық тартуды қажет ететін тағы бір әдіс бар. Бұл – эстетикалық әдемі нәтижеге жету үшін көп уақытты қажет ететін процедура, яғни операцияның бағасы дәрігерге, оның тәжірибесіне және ол қолданатын технологияға байланысты.
- Ер адамдар пластикалық ота жасатуға жүгіне ме?
- Шын мәнінде, қартаюға қарсы операциялар үрдісі артып, ер адамдарға жетті. Бұрын олар мұрындары мен көздерін жиі түзетпейтін, бірақ қазір жас көрінгісі келетіндер көп.

- Кореялық жасөспірімдер туралы не айтуға болады? Оқушылар шынымен пластикалық хирургияға жүгіне ме?
- Бізде жасөспірімдерге операция жасауға ресми тыйым жоқ. Бірақ біз ол қадамға бармаймыз. Операцияны мектепті бітіргеннен кейін, университетке түскенде, яғни дене мүшелері толық қалыптасқанда жасаған абзал. Жастарға 20 жастан кейін жүгінуге кеңес береміз.
- Сізде сәтсіз пластикалық операциялар болды ма?
- Мәселен, пациент 20 жылға жасарғысы келді, бірақ нәтиже 15 жылдық болып шықты. Жалпы ота сәтті өтті, дегенмен пациентке тағы бір мәрте жасау керек сияқты. Мұндай жағдайлар болып тұрады. Әрине, клиника мұның бәріне түсіністікпен қарайды және біз тағы бір амалын жасауға бола ма, жоқ па, соны қарастырамыз. Мұның бәрі науқастың қалауына байланысты.
- Пластикалық отадан кейін пациенттің қалпына келуі қанша уақытқа созылады?
- Кез келген операциядан соң екі аптадан кейін Кореядан ұшып кете аласыз. Осы уақытқа дейін барлық тігістер алынып тасталып, содан соң тексеруден өтеді. Толық қалыптасу үшін 3 айдан 6 айға дейін, кейде бір жылға дейін күту керек. Бұл – дене мен бетке жасалған операцияларға қатысты тәртіп.
- Табиғи сұлулықты сақтау керек деп, бұл медициналық процедураға қарсы шығатын бар. Бұған қатысты сіздің пікіріңіз...
- Тіпті, Кореяның өзінде пластикалық хирургияға қарсы адам өте көп. Бірақ менің ойымша, бұл жерде ортасын таңдау маңызды. Әдетте, қарсылар – өздеріне сенімді адамдар. Сондықтан олар өздерінің әлдебір жерін түзетуді қажет етпейді.
- Қандай пластикалық оталар сіздің есіңізде қалды?
- Қайырымдылық шарасы арқылы жасалған операциялар. Біздің орталыққа өрттен зардап шеккен, яғни беттері күйіп қалған балалар келді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар да болды. Бір балаға әкесі қышқыл шашып жіберген. Әрине, олардың беттерін қайтару мүмкін емес, бірақ қолдан келгенді жасадық.
- Әңгімеңізге рахмет.
