Польша Парламентінің спикері қызметтік ұшақпен туыстарын тасымалдағаны үшін қызметінен кетті

Жұма, 9 тамыз күні кешкісін Марек Кухциньскийдің отставкасынан соң Сейм спикері лауазымына Польша әкімшілігінің бұрынғы ішкі істер министрі Эльжбета Витек тағайындалды. Оған 245 депутат дауыс берді.
Ал Польшаның Премьер-Министрі Матеуш Моравецкий мемлекеттің маңызды тұлғаларын тасымалдауды ұйымдастыру туралы жаңа заң әзірлеу жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы Министрлер кеңесі төрағасының Кеңсе басшысы Михаил Дворик мәлім етті. Ол ұшуларға қатысты заңда көп мәселелердің нақтыланбағандығын айтты.
«Мемлекеттік маңызды тұлғалардың ұшақпен ұшу мәселесі түрлі құқықтық актілермен реттеліп келген. Ал олар бірнеше мәрте өзгеріске ұшыраған»,-деді Михаил Дворик.
Сонымен қатар ол заң жобасының негізгі міндеттеріне тоқталды. Яғни, премьердің кеңсесі реестр жүргізіп, шенеунік ұшқаннан кейінгі бірнеше күннен соң оның қандай мақсатпен қайда ұшқаны және бортта қанша адам болғаны жөнінде ақпараттар жарияланады.
«Бұл заң саяси көзқарас қайшылығына қарамастан дайындалуы керек»,-деді Михайл Дворик.
«Біз сонымен қатар осы іске барлық парламенттік клубтарды, яғни осы саяси партиялар атынан өкілдік ететін азаматтарды да тартамыз»,-деді ол.
Заң жобасын дайындайтын саясаткерлердің бірінші кездесуі алдағы дүйсенбіде, 12 тамыз күні өтеді.