Польша президентінің міндеттерін Б.Комаровский атқаратын болады
АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат - Бүгін авиаапатта қазаға ұшыраған Лех Качыньскийдің орнына Польша Президентінің міндеттерін сейм маршалы (парламенттің төменгі палатасы) Бронислав Комаровский атқаратын болады, деп хабарлады РБК агенттігі поляк БАҚ-тарына сілтеме жасап.
Өкімет билігінің бұлайша көшу тетігі Польша Конституциясында көзделген, деп хабарланды. Екі аптаның ішінде сейм маршалы мемлекет басшысы қызметіне жаңа президенттік сайлау өткізу күнін жариялауға міндетті.
Бұдан бұрын, Польша СІМ ел президенті Лех Качыньскийдің Смоленск түбінде авиаапат салдарынан қазаға ұшырағанын қуаттады. Польша СІМ баспасөз хатшысы Петр Пашковскийдің айтуынша, Польша үкіметі шұғыл отырысқа жиналуда.
Бүгін мәскеу уақытымен 10:50-де Смоленск облысындағы Печерск қаласының түбінде Северный әуежайына қонарда күшті тұман болуы жағдайында Польша президентінің ТУ-154 ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында нақтыланған мәліметтер бойынша, 96 адам болған, соның ішінде Польша президенті Л.Качыньский және оның зайыбы, олардың барлығы да қаза болды. Бұл факт бойынша ҚҚ-тің 3-бөлімі 263-бабы бойынша (абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігі қозғалысы қауіпсіздік ережелерін бұзу) қылмыстық іс қозғалды.