20:12, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Полицейлер автомашиналарды ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ашты
АҚТӨБЕ. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ – Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің қылмыстық полициясы «Қақпан» жедел алдын-алу іс-шараларын өткізу барысында жеңіл автокөліктерді ұрлаумен айналысатын қылмыстық топты залалсыздандырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Бүгін өткен баспасөз мәслихатында облыстық ішкі істер департаментінің өкілдері айтқанындай, полицияға Ақтөбе қаласындағы гараж кооперативтерінің бірінде ұрланған автомашиналардың жасырылғаны туралы ақпарат келіп түседі. Бұл ақпарат тексеріледі және жедел алдын-алу іс-шараларының барысында полицейлер ағымдағы жылғы қаңтар-ақпан айларында ұрланған ВАЗ- 21099, ВАЗ-2110 және ВАЗ- 21115 маркалы автомобильдерді табады.Қазір ұрланған көлік құралдары заңды иелеріне қайтарылды, ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.