18:33, 30 Тамыз 2015 | GMT +5
Полицейлер Конституция күнін атап өтті - ОҚО
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Конституцияның 20 жылдығын Оңтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары да атап өтті. Ішкі істер департаментінде өткен салтанатты іс-шарада департамент басшысы Асқар Оспанов Елбасы Жарлығымен марапатталған 6 қызметкердің кеудесіне «Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы» медалін тақты.

Бұған қоса 56 полиция қызметкері департамент бастығының бұйрығымен марапатталды. Еңбегі еленген сақшылар төсбелгілер тағынып, алғыс хат алды, деп хабарлайды Otyrar.KZ.
«Бүгінгі мерекелік шарада біз конституциямыздың маңызын тағы бір рет атап өттік. Осынау ұлы мерекемен барлық әріптестерімді құттықтаймын. Ауыр да абыройлы қызметте барлық полиция қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тілеп, отбасыларында амандық болсын», деген жүрекжарды тілегін білдірді ОҚО ІІД кадр басқармасының басшысы Бағлан Халықов.