Полицейлердің азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыру қажет - Б. Байбек

Жиын барысында құқықтық тәртіп және әлеуметтік-экономикалық саланың басқа да мәселелері қаралды. Бұл туалы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Өз сөзінде Бауыржан Байбек уәкілетті орган басшыларына құқық бұзушылықтың кез келген түріне қатысты «нөлдік төзбеушілікті» қалыптастыруға бағытталған алдын алу шараларын белсенді түрде қолдануды тапсырды.
«Полиция қызметкерінің позитивті бет-бейнесін қалыптастыру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл үшін олардың азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттырып, құқықтық реттеу саласында олардың қызметінің ашықтығын және қолжетімдігін қамтамасыз ете отырып, іс-тәжірибеде «азаматтарға арналған қызмет» қағидасын қолдану қажет», - деді қала әкімі.
Жиын қорытындысы бойынша түнгі клубтар мен басқа да сауық құру мекемелерінде есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу бойынша шара қолдану жөнінде шешім қабылданды.
Сонымен қатар, жолдарда жол-көлік апаттарының көбейіп жатқандығы да сөз болды.
«Алматыда жол-көлік оқиғаларының орташа саны орташа республикалық деңгейден екі есе жоғары. Сондықтан, жол-патруль полициясы қызметкерлері жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде және таңғы және кешкі уақытта пайда болатын қарбалас сәттерде көлік қозғалысын реттеу әдісін жетік меңгерулері керек», - деді Б. Байбек.
Одан басқа, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеру мәселелері қаралды. Алматы әкімі қала бюджетінің кірісі негізінен шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетіндігін, сондықтан бұл секторға қолдау көрсету мақсатында оларды негізсіз тексерулерден оқшаулау керектігін айтты. Отырыста сондай-ақ, жер қатынастары саласында ашықтықты қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Осыған байланысты Б. Байбек тиісті орган басшыларына тұрғындар арасында жер телімдерін сатып алу, құрылыс жұмыстарына рұқсат алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, осы салада заң бұзушылыққа қатысты жауапкершілікті арттыруды тапсырды.