Полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматұллаевты жерлеу рәсімі ертең ОҚО-да өтеді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында көз жұмған полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматұллаевты жерлеу рәсімі ертең Оңтүстік Қазақстан облысының Қарабастау кентінде өтеді. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.
«Ауруханада көз жұмған полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматұллаевтың мырыш табытқа салынған мүрдесін туған-туыстары бүгін түнде ұшақпен алып кетеді. Қаралы жиын және жаназасы ертең - 02 тамыз күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Қарабастау кентінің Бураш баба 16 мекенжайында өткізіледі», - деді С. Әзірбек.
Еске сала кетелік, Мейрамбек Нұрділлаұлы Рахматұллаев Алматыда 18 шілде күні күдікті Р. Күлекбаевқа тойтарыс беру барысында оқ тиіп ауыр жарақат алған болатын. Ол 1992 жылы туған. Алмалы аудандық ІІБ учаскелік инспекторы. Ішкі істер органдарында 2012 жылдан бері қызмет атқарып келген. Қызмет барысында ҚР ІІМ мен Алматы қалалық ІІД мақтау грамоталарымен талай рет марапатталған. Отбасылық жағдайы - үйленген.