Полиция павлодарлықтарға көліктегі жарнама үшін айыппұл салуда

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар полициясы автокөліктегі жарнама үшін бес павлодарлықты әкімшілік жауапқа тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция павлодарлықтарға көліктегі жарнама үшін айыппұл салуда

«Павлодар полицейлері техникалық регламенттерге, талаптарға сәйкес келмейтін, пайдалануға жарамсыз көлік құралдарын анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізді. Полицейлер Назарбаев даңғылында «Daewoo Matis» көлігін тоқтатқан. Оны 27 жастағы павлодарлық жүргізіп келе жатқан. Бұл көлік құралы техникалық стандарт талаптарына сәйкес келмеген: оның жанындағы айнасына жарнама ілінген», - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі журналистерге.

Белгілі болғандай, жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің бесінші бөлігі 590-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

«Қазақстандағы көлік құралдарындағы сыртқы жарнама стандарттары» 31306-2005 Қазақстан Республикасының ұлттық стандартымен жалпыға ортақ жолдарды пайдаланатын көлік құралдарының сыртқы беттеріндегі жарнамаларды қолдану бойынша бірыңғай талаптар белгіленген. Осы талаптарды сақтамаған жағдайда кінәлі тұлға ҚР Әкімшілік кодексінің 590-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылып, 12625 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі», - деп түсіндірді полицияда.

Сыртқы жарнаманы пайдаланудың өз ережелері бар. Мысалы, стикерлік жабыстырма немесе плоттер аппликациясын жабыстырған кезде жабысатын пленканы қолдануға болмайды. Оны алған кезде көліктің лак-бояу қаптамасы құртылады. Сондай-ақ, оның түсі де стандартқа сәйкес болуы қажет.

Автор: Антон Гагарин.