«Полиграф құқық қорғау органдарына қызметке тұрғысы келетіндерді тексеру тетігіне айналады» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 7 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 7 наурыз, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Полиграф құқық қорғау органдарына қызметке тұрғысы келетіндерді тексеру тетігіне айналады» - БАҚ-қа шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі кезекті отырысында күн тәртібіне сәйкес он бір мәселе қаралды. Бұл жолы депутаттар құқық қорғау мен сот-сараптама қызметі, дербес деректер және мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты заң жобаларын талқыға салды. «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңға өзгеріс және толықтырулар қарастыратын заң жобасын Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель таныстырды. Оның сөзінен белгілі болғанындай, заң жобасында құқық қорғау органдарына қызметке тұруға кандидаттардың міндетті түрде полиграфологиялық зерттеу­ден өту тәртібі ұсынылып отыр екен. Бұл заң жобасы Ішкі істер министрлігінің кеңей­тіл­ген алқасында Мемлекет бас­шы­сының берген тапсырмасын орындау үшін әзірленген. Полиграфты пайдалану тәр­тібі, қандай құралды пайдалану мәселесі жөнінде Астана қалалық Ішкі істер департаментінде арнайы көшпелі отырыс та өт­кі­зілген. Талқылау барысында «полиграфологиялық зерттеу» ұғымы нақтыланып, құқық қорғау қызметіне кандидатты полиграфта тексеруді психофизиологиялық куәландырудың бір бөлігі ретінде тану жөн деп шешілді. Бұл мақала басылымның бүгінгі санында «Полиграф құқық қорғау органдарына қызметке тұрғысы келетіндерді тексеру тетігіне айналады» деген тақырыппен берілген.

Осы газетте «Ерлер ескеретін ерекше жай» атты мақала басылды. Қазіргі таңда медицинаның урология саласындағы өзекті тақы­рыптардың бірі - ерлердің қуық асты безінің сырқаттары. 60 жастан асқан ерлер арасында бұл ауру жүрек аурулары мен қатерлі ісікке қарағанда жиі кездеседі. Қуық асты безінің (простатаның) барынша кең тараған сырқат түрлері ретінде жедел және созылмалы простатит; қуық асты безінің залалсыз гиперплазиясы (простата аденомасы); қуық асты безінің қатерлі ісігін атауға болады.
Заманға сай әр жастағы адамдар бауырдың, бүйректің, жүректің қайда орналасқанын және олардың атқаратын қызметтерін білгенімен, қуық асты безі туралы түсініктері жоққа тән. Бұл мәселеге уролог, андролог мамандар кейінгі кезде баса назар аудара бастады. Сон­дықтан, жасы ұлғайған ер адамдар арасында қуық асты безі ауруларын профилактикалық түр­де емдететіндердің саны арта түсуде.


***

«Қазақ күресіне қызығушылар көбейді. Соңғы екі жылдан бері тұ­рақты дәстүрге айналып келе жатқан «Қазақстан барысы» жобасының діттегені де, көздеген мақсаты да осы. Енді бірнеше жылдан кейін бү­кіл әлемнің апайтөс жігіттері қа­зақ күресі бойынша боз кілемде белдесіп жатса, таңырқаудың керегі жоқ»,- деп жазады «Айқын» газеті. Қазір жұмыр жердің түкпір-түкпірінде қазақ күресінен жарыс өтіп жатыр. Бұған қуану керек. Бүгінде әлемнің 80-нен астам елін­де қазақ күресінің федерациясы бар. Бірнеше жылдан кейін «Қа­зақстан барысы» жобасына сонау Африкадан алпауыт қара нәсілді жігіттер келіп, кілемнің шаңын шы­ғарып жатса, бұл - жақсы үр­діс. Біз соған ұмтылуымыз қажет. Бұл мақала көпшілік назарына «Қазақ күресі Африкада қанат жайды» деген тақырыппен ұсынылып отыр.

«Айқын» басылымының жазуынша, қары қалың, аязы қатты, ақ түтек бораны ат құлағын көрсетпейтін қаһарлы қыстан кейін жер-көкті топансумен толтыратын көктем де келіп жетті Шығысқа. Көктеммен бірге еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко бастаған делегаттар келді. Ондағы мақсат - қар құрсауында жатқан өңірдің жағдайын көзбен көріп, алдағы қарғын суға қарсы дайындық жұмыстарын пысықтау. Мамандардың айтуынша, биыл Шығыс Қазақстан аумағына жауған қардың қалыңдығы жылдық мөл­шер­ден екі-екі жарым есеге, таулы аймақ­тарда үш-төрт есеге дейін асып кетеді. Бұған қоса, наурыздың басын ала жау­ған жаңбыр мен жапалақтаған қар алдағы тасқыннан болатын қауіптің бұлтын қоюлата түсті. Сондықтан об­лыс әкімдігі бас болып, барлық жауап­ты орындар табиғат апатының алдын алу шараларына білек сыбана кіріс­кен. Қауіпті аймақтар, оның ішінде су қоймалары, өзен-сулардың жаға­лау­лары, гидротехникалық ғимараттар және басқа да нысандар қатаң бақы­лауға алынып, тәулік бойы күзет қо­йылған. Дегенмен түйіні тарқа­тыл­маған кейбір мәселелер де бар сияқты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, алдын алу және дайындық жұмыс­тарын толыққанды жүргізу үшін тех­никалар мен қаржының жетіспеу­шілігі қолбайлау болып отыр. Бұл мақала «Шығыста 157 мекенді су басу қаупі төніп тұр» деген тақырыппен берілген.

***

«Алаш айнасы» газетінің бірінші бетіндегі «Ой-көкпар» тұрақты айдары «Жұмысты үйлестіру үшін ПИК басшыларын әкімдіктің тағайындағаны дұрыс бола ма?» деген сауалға арналған. Онда қоғам қайраткері Тасбай Симамбаев «Әкімдік қайткенмен де құзырлы орган, билігі бар, қамшылайтын тізгіні бар, сөздері де өтеді. Олай болса қатаң заңмен, талаппен жұмыс істейік. Әрбір тапсырма қатал бұйрықпен бекітіліп, орындалмаса дәл солай қатал жазалансын. Айыппұлды қалтасынан төлесін.Әкімдікте қаншама коммуналды және құрылыс бөлімдері бар, егер әр бөлім өз саласы бойынша ПИК-тердің жұмыстарын қадағалап отырса, бұл мәселе түбегейлі жойылар еді» десе, Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Куянов «Әкімдік ПИК басшыларын тағайындай алмайды. Егер тағайындайтын болса, оны ПИК емес басқаша атайық. Неге десеңіз, «пәтер иелері кооперативі» деген атаудың өзі айтып тұр емес пе, ол - жекеменшік. Жекеменшік пәтер иелерінің кооперативі заңға сәйкес жеке мүлік ретінде қарастырылады. Ал әкімдік мемлекеттік емес құрылымдарда тағайындаулар жасай алмайды» деп заң аясында жауап қатады. Тағы бір маман-саясаттанушы, блогер Әділ Нұрмақов «Қалай болған күннің өзінде ПИК басшыларын тағайындау мүмкіндігін халықтан алып алуға болмайды. Ал әкімдіктерге мүлдем сенбеу керек. Әкімдіктер онсыз да өз тамыр-таныстарын жұмыспен қамтудың қамын ойлап жүр. Енді оларға ПИК-ті де берсек, оңбай қателесеміз» деген ойда.

Осы басылымның «Қоғам» бетіндегі «Жетімдері үйі жоқ ел болсақ...» деген мақалада жетімдер үшін ең өзекті баспаналы болу мәселесі қозғалады. Онда «дәл қазіргі таңда кезекке тұрған 8000-ға жуық жетім баспанадан дәмелі. Алайда, бюрократиялық себептердің салдарынан 2000-нан астам жетім баспана кезегіне тіркеле алмаған. Жетімдердің баспаналы болуы өз алдына бөлек әңгіме, қазір кейбір жетімдердің иелігінде бар үйлерді сақтап қалудың өзі мұңға айналып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жеті жылда республика бойынша 14 мың баланың 832-сі ғана өздеріне тиесілі пәтердің кілтіне ие болған» деген көңілге қаяу түсірер мәлімет келтіріледі. Сөйтіп мақалада Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева ханымның «бізде жетімдердің тағдырын бастан-аяқ жауапкершілігіне алатын бір-ақ ведомство болуы керек. Ол - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі» деген ұсынысы талқыға салынады.