Полиция «Қайрат» — «Реал Мадрид» билеттеріне қатысты заңсыз сауданы тексермек

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Алматыда футболдан «Қайрат» — «Реал Мадрид» кездесуі қарсаңында билеттердің заңсыз сатылуы мүмкіндігіне қатысты пікір айтты. 

Полиция «Қайрат» — «Реал Мадрид» билеттеріне қатысты заңсыз сауданы тексермек
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Әлеуметтік желіде біреулер билеттерді алдын ала алып, кейін оны үстеме бағамен саудалап жатыр жеген уәж айтылған еді.

— «Қайрат» — «Реал» матчына билет сату төңірегіндегі алып-сатарлық жөнінде не айтасыз? Билеттер жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) арқылы сатылса да, кейбіреулер жоғары бағада топтап сатып отырғаны жайында шағымдар жарияланды. Бұл күдікті әрекеттерді тексересіздер ме? — деп сұрады тілшілер Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында.

Өз кезегінде Санжар Әділов осы жайында енді ғана естіп жатқанын айтты.

— Тиісті шағым болған жағдайда, тексеру жүргізуге дайынбыз. Бірақ ол үшін шағым болуы керек. Осы орайда тергеу жүргізіп, процессуалдық шешім қабылдаймыз. Бұған дейін шағымды көрмедік. Алайда кез келген жағдайда міндетті түрде тексеру жүргіземіз, — деді министрдің орынбасары.

Еске салсақ, «Қайрат» — «Реал Мадрид» билеттерінің ресми сатылымын жүргізген Ticketon жанкүйерлердің шағымына байланысты ресми мәлімдеме жасады.

Соңғы жаңалықтар