Полиция пунктіндегі қайғылы оқиға: Қарағандыда резонансты іс бойынша сот басталды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда полицияның тірек пунктінде 23 жастағы қыздың қаза болуына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды. Іс материалдарына сәйкес белгісіз заттан қатты уланған учаскелік полиция инспекторы айыпталушы ретінде қарастырылып жатыр.

Қарағандыда резонансты іс бойынша сот басталды
Фото: Kazinform / ЖИ

Сот отырысының алғашқы күнінде прокурор айыптау актісін жариялап, өткен жылғы қыркүйектің 29-нан 30-на қараған түні болған оқиғаның мән-жайын баяндамақшы болды. Алайда айыптау тарапына ашық сот отырысында мұндай мүмкіндік берілмеді. Қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырған сот төресі процесті жабық режимде өткізу туралы шешім қабылдады.

Осыған байланысты әзірге айыптау мазмұны мен полицияның тірек пунктінде болған оқиғаның егжей-тегжейі жария етілмейді.

Іс бойынша басты мәселелердің бірі — жас әйелдің өліміне және полиция қызметкерінің ауыр халге түсуіне себеп болған заттың шығу тегін анықтау. Оқиғаның нақты мән-жайы мен сотталушының кінәсі мен жауапкершілік деңгейіне қатысты түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Еске салайық, өткен жылдың 29 қыркүйегінен 30 қыркүйегіне қараған түні Қарағандыдағы полицияның тірек пункттерінің бірінен жас әйелдің мәйіті табылған болатын.

Сол жерден ес-түссіз жатқан полиция қызметкері де табылып, ол ауруханаға жеткізілген.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайды анықтау мақсатында арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, қызметтік тексеру жүргізілді. Қайғылы жағдайдан кейін полиция басшылары қызметтерінен босатылды. 

Кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов оқиға орнында болған полицейге қатысты қорғануға құқығы бар куәгер мәртебесі берілгенін мәлімдеген еді.