Полиция терек мамығын өртегендер жауапқа тартылатынын ескертті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан полициясы терек мамығын өртегені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

ТЖМ терек мамығы өрт қаупін күшейтетінін ескертті
Фото: ТЖМ

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар мен ересектердің терек мамығын өртеу фактілері тіркеліп жатыр.

Полиция мұндай әрекеттердің көп жағдайда «ермек» ретінде қабылданатынын, алайда оның қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіретінін атап өтті.

– Терек мамығын өртеу құрғақ шөптің, қоқыстың, автокөліктердің, балалар алаңдарының және тұрғын үйлердің өртенуіне себеп болуы мүмкін, – деп ескертті полиция өкілдері.

Ведомствоның хабарлауынша, терек мамығын қасақана өртеу өрт қауіпсіздігі талаптары мен қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағаланады.

Жағдайдың салдарына байланысты кінәлі тұлғалар бірнеше бап бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін, 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық әрекеттері үшін жауапкершілік қарастырылған.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

– Егер терек мамығын өртеу салдарынан материалдық шығын келтірілсе немесе ірі өрт орын алса, қылмыстық жауапкершілік те көзделген, – деп мәлімдеді полиция.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалармен профилактикалық әңгіме жүргізуге шақырды.

Сонымен қатар азаматтарға терек мамығын өртеу немесе өрт фактілері байқалған жағдайда «102» арнасына дереу хабарлау қажеттігі ескертілді.

– Қауіпсіздік – әр адамның жауапкершілігінен басталады, – деп атап өтті полиция қызметкерлері.

Айта кетейік,