Полиция терек мамығын өртегендер жазалатынын ескертті
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгінде кәмелетке толмағандар мен ересектердің терек мамығын өртеу фактілері тіркеліп жатыр. Көпшілік мұны «ермек» деп қабылдағанымен, мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп, құрғақ шөптің, қоқыстың, автокөліктердің, балалар алаңдарының және тұрғын үйлердің өртенуіне себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция терек мамығын қасақана өртеу өрт қауіпсіздігі талаптары мен қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналатынын ескертеді. Жағдайдың мән-жайы мен салдарына қарай кінәлі тұлғалар келесі баптар бойынша жауапқа тартылуы мүмкін:
— Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша — өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе орындамағаны үшін;
— ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша — қоғамдық тәртіпті бұзатын ұсақ бұзақылық әрекеттері үшін;
— кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
-Егер терек мамығын өртеу салдарынан материалдық шығын келтірілсе немесе ірі өрт орын алса, қылмыстық жауапкершілік те көзделген. Полиция ата-аналарды балалармен профилактикалық әңгіме жүргізуге, ал азаматтарды терек мамығын өртеу немесе өрт фактілері туралы дереу «102» арнасына хабарлауға шақырады. Қауіпсіздік — әр адамның жауапкершілігінен басталады,-делінген хабарламада.
Осыған дейін үй жануарларын азаптағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы жаздық.