Польша парламентінің өкілдері Қазақстанға сапарлап келді

АСТАНА. KAZINFORM – 18-21 мамыр аралығында Астанада «Польша – Қазақстан» парламенттік достық тобы делегациясының сапары өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі айтып берді.

Польша
Фото: Анадолу

Сапар аясында Қазақстанның заң шығарушы және атқарушы билік өкілдерімен бірқатар кездесулер жоспарланған.

Атап айтқанда, ҚР Парламенті Мәжілісінде достық тобының қазақстандық бөлігінің төрағысы Снежанна Имашевамен, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатында достық тобының қазақстандық бөлігінің төрағасы Андрей Лукинмен келіссөздер өткізу көзделген.

– Сапар аясында поляк делегациясы бірқатар мәдени-гуманитарлық және инновациялық нысандармен де танысады. Атап айтқанда, «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешеніне, «Alem.AI» жасанды интеллект орталығына, сондай-ақ поляк диаспорасының өкілдері тығыз қоныстанған Ақмола облысының Петровка ауылына бару жоспарланған, – деді ҚР СІМ өкілі елордада өткен брифингте.

Сапар парламентаралық диалогты одан әрі нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстан мен Польша арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуға ықпал етеді деп күтілуде.

Бұған дейін Польша президенті Кароль Навроцкий елге жаңа Конституция қажет екенін мәлімдеген еді.