Порнография және суицидті насихаттау: онлайн-платформаларда 6 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының 18 маусымдағы депутаттық сауалына берген жауабында елімізде балалар психологиясына кері әсер ететін контентті шектеу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, халықаралық тәжірибені ескере отырып, онлайн-ойындардағы балалар қауіпсіздігін күшейту бойынша онлайн-платформалармен консультациялар жүргізіліп жатыр.
– 2026 жылдың басынан бері онлайн-платформаларда онлайн-казино қызметі (13 806), есірткі құралдарын насихаттау (7 448), порнографияны тарату (6 034), суицидті насихаттау (172), кәмелетке толмағандарға зиян келтіретін ақпаратты орналастыру (119), зорлық-зомбылық культі фактілері бойынша 27 631 құқық бұзушылық анықталды. «Instagram» – 9 532, «ВКонтакте» – 8 503, «Telegram» – 3 018, «YouTube» – 3 340, «TikTok» – 2 820, «Facebook» – 269, «Мой мир» – 63, «X» – 41, «Одноклассники» – 25, «Threads» платформасында – 20 құқық бұзушылық анықталды, – делінген құжатта.
Сонымен қатар Аида Балаеваның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта онлайн-платформалар ата-аналарға жасөспірімдердің интернетті пайдалану уақытын шектеу бойынша функционалдық мүмкіндіктер ұсынады.
– Әлеуметтік желілер мен онлайн-ойындарда жас ерекшеліктеріне байланысты шектеулер енгізілген, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың гаджет пайдалану уақытын бақылау құралдары қолжетімді. Мәселен «TikTok» онлайн-платформасының ішкі ережелеріне сәйкес, платформаны тек 13 жастан асқан пайдаланушылар қолдана алады, ал кейбір функциялар кәмелетке толмағандар үшін қолжетімсіз, – дейді ол жауабында.
Мәдениет және ақпарат министрінің сөзінше, балалар психологиясына зиянды контенттерді өшіру бойынша жұмыстар жалғасады.
– Бұдан бөлек, алдағы уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн-платформалар әкімшіліктерімен бірлесіп, заңға қайшы материалдарды жою және заңнамаға қайшы келетін әрі балалардың құқықтары мен мүдделерін бұзатын ақпараттың таралуына жол бермеуге бағытталған құқықтық нормаларды енгізу жұмыстарын уәкілетті органдармен бірлесе отырып жалғастыратын болады, – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін интернеттегі таныстық балаға қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін жазғанбыз.