Porsche 2035 жылға дейін 9 мыңнан астам жұмыс орнын қысқартады
АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Porsche AG автоконцерні 2035 жылға дейін тағы 5 мың жұмыс орнын қысқартады. Бұған дейін компания өткен жылғы «Болашақ пакті» аясында Porsche-нің 3900 және оның еншілес кәсіпорындарының 500 қызметкерін қысқарту туралы шешім қабылдаған, деп хабарлайды DW.
Жаңа шаралар туралы дүйсенбі, 27 шілдеде Штутгарт қаласында өткен қызметкерлер жиналысынан кейін компанияның өндірістік кеңесі мәлімдеді.
Қысқарту Porsche-нің Штутгарт-Цуффенхаузендегі негізгі зауыты мен көршілес Вайсахтағы ғылыми-зерттеу орталығына қатысты болады. Сонымен қатар компания өндірістік алаңдарын сақтап қалып, 2035 жылға дейін өндірісті дамытуға 2,1 млрд еуро инвестиция салуға уәде берді, деп нақтылады Reuters агенттігі.
Porsche қысқартулардың «әлеуметтік жауапкершілік қағидаты» негізінде жүргізілетінін мәлімдеді. Бұл қызметкерлердің табиғи ауысуы, зейнетке шығуы және ерікті түрде жұмыстан босату туралы келісімдер арқылы жүзеге асырылады.
Компанияның мәліметінше, бұл шаралардың мақсаты – ұзақ мерзімді кезеңде мүмкіндігінше көп жұмыс орнын сақтай отырып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Reuters дерегінше, қысқарту шамамен әрбір бесінші жұмыс орнына әсер етеді.
Ұжымдық шарт бойынша қарастырылған қазіргі және алдағы жалақы өсімінен 3,5 пайыз ұсталады. Сондай-ақ Рождество мерекесіне берілетін сыйақы айлық жалақының 100 пайызынан 60 пайызына дейін азаяды. IG Metall кәсіподағының мүшелері жыл сайын 200 еуро көлемінде бонус және трансформацияға арналған 1500 еуролық біржолғы төлемге қосымша 411 еуро алады.
Қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі де шектеледі: бұрынғыдай айына 12 күн емес, енді ең көбі 8 күн ғана рұқсат етіледі. Сонымен бірге Porsche қызметкерлері мен басшылық құрамының елеулі бөлігінің жалақысы бұған дейінгіге қарағанда төмен қарқынмен өседі.
Қысқарту туралы шешім Porsche компаниясындағы ұзаққа созылған дағдарыс аясында қабылданды. Концерннің таза пайдасы 2025 жылы 91 пайызға азайып, 310 млн еуроны құрады. Бұл үрдіс 2026 жылдың бірінші тоқсанында да сақталғанымен, төмендеу қарқыны баяулаған.
Компания дағдарысының негізгі себептері ретінде Қытайдағы сатылымның төмендеуі, АҚШ енгізген кедендік баж салығының артуы және электрлі көліктерге салынған ірі инвестициялардың өзін ақтамауы аталды.
Айта кетейік, бұған дейін Mercedes-Benz-тің 33 мыңнан астам қызметкері жаппай наразылық акциясына шыққанын жаздық. Оған концерннің шығындарды жаппай қысқартуы себеп болған.