Португалия 2026 жылға арналған экологиялық ресурсын тауысты
АСТАНА. KAZINFORM — Португалия 7 мамырдағы жағдай бойынша биылға тиесілі табиғи ресурстар қорын толық пайдаланып қойды. Енді ел шартты түрде ресурстарды «қарызға» тұтына бастайды, деп хабарлайды Euronews.
Бұл егер Жер тұрғындарының барлығы орташа португалиялықтар сияқты өмір сүрсе, адамзатқа қажетті ресурстарды қамтамасыз ету үшін шамамен үш планета қажет болар еді дегенді білдіреді.
Мәліметтерді ZERO ұйымы Global Footprint Network серіктестігімен жариялаған. Ұйым өкілдері былтыр Португалия табиғи ресурстарын 5 мамырда тауысып қойғанын еске салды. Биыл елдің экологиялық залалды аздап жақсарғанымен, 7 мамырдан бастап 2027 жылдың 1 қаңтарынан кейін пайдаланылуы тиіс ресурстарды қолдана бастайды.
ZERO ұйымының мәліметінше, Португалия көптеген жыл бойы өз қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жететін табиғи ресурстар көлеміне ие емес. Экологиялық теңгерімсіздікке елдегі өндіріс пен тұтыну үлгісі себеп болып отыр. Әсіресе азық-түлік пен көлік саласы негізгі факторлар ретінде аталған.
Ұйым Португалияның экологиялық қарызын азайту үшін:
тұрақты ауыл шаруашылығына инвестиция салуды;
су тұтынуын қысқартуды;
өсімдік тектес азық өндірісін арттыруды;
қашықтан жұмыс пен онлайн іс-шараларды көбейтуді;
велосипед пен қоғамдық көлік сияқты экологиялық таза транспортты дамытуды;
тауарларды ұзақ пайдалануға және қайта өңдеуге мүмкіндік беретін ережелер енгізуді ұсынды.
Сарапшылардың айтуынша, әр азамат та экологиялық залалды азайтуға үлес қоса алады. Ол үшін жануар ақуызының үлесін қысқарту, экологиялық көлік пайдалану және тұтыну мәдениетін өзгерту жеткілікті.
Басылым Португалияның көрсеткіші Еуропалық одақ елдерінің орташа деңгейіне жақын екенін атап өтті. Биыл ЕО елдері табиғи ресурстардың жылдық лимитін орта есеппен 3 мамырда тауысты.
ZERO ұйымының дерегінше, ЕО ішінде экологиялық "қарыз күні" ең ерте келген ел — Люксембург, онда бұл күн 17 ақпанға түскен. Ал ең соңғысы Венгрия болуы мүмкін — 24 маусым.
Әлем бойынша табиғи ресурстарын ең тез тауыстырған ел — Катар, онда бұл шек 4 ақпанда жеткен. Ал ең соңғы көрсеткіш Гондурас елінде — 27 қарашаға болжанып отыр.
Айта кетелік Португалия ішкі туризмге 11 млн еуро инвестиция салатыны туралы жазған едік.