Португалия бизнесі Қазақстандағы автомобиль жолдары саласындағы бірқатар концессиялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі

АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Португалия бизнесі Қазақстандағы автомобиль жолдары саласындағы бірқатар концессиялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі.

Португалия бизнесі Қазақстандағы автомобиль жолдары саласындағы бірқатар концессиялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушы Еркін Дүйсенбаев жақында Португалияның бизнес-делегациясымен кездесіп, оларды Қазақстанның көлік саласының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жайында кеңінен хабардар еткен. «Атап айтқанда, автомобиль жолдары саласындағы бірқатар концессиялық жобаларды ұсынды. Олардың бірі ұзақтығы 238 шақырым төрт жолақты І техникалық санаттағы Астана - Қарағанды автомобиль жолы.Жобаның құны 895 млн АҚШ доллары. Оның конкурсы ағымдағы жылдың маусым айында өткізіледі. Тамыз айында төрт және алты жолақты І техникалық санаттағы ұзақтығы 104 шақырым Алматы -Қапшағай автожол жобасына конкурс өткізіледі. Жобаның құны 429 млн доллар. Қыркүйек айында ұзақтығы 209 шақырым І техникалық санаттағы Ташкент - Шымкент автожолын салу жөнінде конкурс өткізіледі. Жобаның құны 818 млн доллар. Сонымен бірге, ұзақтығы 301 шақырым Алматы - Қорғас автожолын салу жоспарлануда. Жобаның құны 1 млрд. 127 млн доллар. Бұның сыртында, ұзақтығы 69 шақырым және қозғалыс жиілігі жоғары Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) салу жоспарлануда. Жобаның құны 583 млн доллар. Бұдан тыс еліміздің тұңғыш автобаны Астана - Бурабай жолы бойында интеллектуалдық көлік жүйесін салу көзделуде. Бұл жобаның құны 137 млн доллар. Келешекте жаңадан ұзақтығы 753 шақырым Жезқазған - Сексеуіл темір жолын салу жоспарлануда. Бизнес-делегацияның өкілдері аталған жобаларды іске асыруға ынталы екендіктерін білдірді», делінген баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.