Португалияда 25 жастағы футболшы матч кезінде қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Португалияда футбол матчы кезінде ойыншы алаңда көз жұмды. Англияның бірнеше клубында өнер көрсеткен Кевин Кастро Португалияның төртінші дивизионында ойнайтын «Реал Клубе де Массама» командасының басты жаңа ойыншысы ретінде таныстырылған еді, деп хабарлайды euronews.

Кевин Кастро
Фото: Facebook / Real Clube de Massamá

Кевин Кастро осы маусым басталардан екі айға жетер-жетпес уақыт бұрын «Реал Клубе де Массама» командасының негізгі жаңа ойыншысы ретінде таныстырылған. Португалияның төртінші дивизионында ойнайтын бұл клубқа келген Кевин Кастроның бұған дейінгі футболдағы мансабы ерекше болған. Ол «Спортинг» академиясын аяқтағаннан кейін 2021 жылы Англияның екінші деңгейлі Чемпионшип лигасында «Вест Бромвич Альбион» сапында ойнады. Сол кезде ол Англия Лига кубогы аясындағы «Арсеналға» қарсы матчта алаңға шығып, жарқын дебют жасаған.

Анголадан және Сан-Томе мен Принсипиден шыққан ата-ананың ұлы португалиялық футболшы сенбі күні өзінің қазіргі клубы мен «Эстрела да Амадора» арасындағы жолдастық кездесу кезінде қайғылы жағдайда көз жұмды. Ол небәрі 25 жаста болған.

Бұл — футбол алаңында болған тағы бір күтпеген өлім жағдайы. Матчтың 15-минутында Кевин Кастро есінен танып, алаңға құлаған. Медициналық бригадалардың көрсеткен көмегіне қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Ойыншы шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның қайтыс болғанын констатациялады.

«Вест Бромвич Альбионнан» кеткеннен кейін Кастро Англияның төменгі дивизиондарындағы бірнеше командада өнер көрсетіп, кейін Португалияға оралған.

Бұған дейін Оңтүстік Африканың футболшысы Джейден Адамс әлем чемпионатынан оралғаннан кейін қайтыс болғаны туралы хабар тарады.

Сонымен қатар, танымал жаттықтырушы, Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Александр Лисин 55 жасқа қараған шағында өмірден өткені белгілі болды.