Пойыз қозғалысын енді онлайн бақылауға болады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық жолаушылар пойыздардың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік алды.

я
Фото: ҚТЖ

«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, вокзалға бармас бұрын жолаушылар пойыздың қай жерде келе жатқанын алдын ала тексере алады. Ол үшін tablo-railways.kz сайтында «Пойыздар қозғалысының онлайн-таблосы» сервисі іске қосылған.

Қызмет арқылы картадан пойыздың нақты орнын көруге, келу және кету уақытын тексеруге, маршрут бойындағы станциялардың тізімін, аялдау ұзақтығын және соңғы станцияға жетудің болжамды уақытын анықтауға болады.

Онлайн-табло әсіресе жолаушылар ағыны жоғары кезеңдерде өзекті. Бұл жолаушыларға вокзалға шығу уақытын дәл жоспарлауға, артық күтуден аулақ болуға және сапарын ыңғайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

– Жолаушыларға пойыз қозғалысын алдын ала тексеріп отыру ұсынылады. Бұл әсіресе сапар басқа көлікке ауысумен жалғасатын, вокзалдан жолаушы күтіп алатын немесе әрі қарайғы бағыт алдын ала жоспарланған жағдайда маңызды, – делінген хабарламада.

Сервисті пайдалану үшін tablo-railways.kz сайтына кіріп, картадан қажетті пойызды таңдау жеткілікті. Сондай-ақ онлайн-таблоға bilet.railways.kz ресми сайты арқылы да өтуге болады.

Қызмет жолаушылар пойыздарына орнатылған GPS-трекерлердің деректері негізінде жұмыс істейді. Ақпарат автоматты түрде «Жолаушылар тасымалы» АҚ Ахуалдық орталығына жіберіліп, құрамдардың қозғалысы тәулік бойы бақыланады.

Айта кетейік, Қазақстанда пойызбен багаж тасымалы цифрлық форматқа көшеді.