Пойызға билетсіз мінген жолаушы: Мұқағали жоғары бағалаған ақынның мұрасы қайта жаңғырды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада көрнекті ақын, қаламгер Өмірзақ Қожамұратовтың туғанына 90 жыл толуына орай әдеби-танымдық кеш өтті.
Іс-шараны «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Кештің негізгі мақсаты – ақынның рухани-мәдени мұрасын насихаттап, оның өмірі мен шығармашылығын кейінгі ұрпаққа таныстыру.
Өмірзақ Қожамұратов – қазақ поэзиясына өзіндік өрнек әкелген, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов сынды тарландармен қатар танылған талантты ақын. Кезінде әйгілі жыр алыптары Әбділда Тәжібаев пен Әбу Сәрсенбаев бастаған аға буын өкілдері мен қатарлас қаламгерлер оның ақындық қабілетін мойындап, жылы пікірлерін білдірген.
Соған қарамастан, бүгінде Өмірзақ Қожамұратовтың есімі әдеби ортада сирек аталады. Ақын Өтежан Нұрғалиевтің: «Ақынның қалай ұмытылатынын, қалай сұраусыз кететінін осы Өмірзақтың тағдырына қарап білуге болады. Бірақ Қожамұратов десе елеңдемейтін, оның аруағына бас имейтін ақын жоқ», – деген сөзі де қаламгердің шығармашылық тағдырына қатысты ой салады.
Өз заманында Мұқағали Мақатаев бастаған көптеген көрнекті ақындардан жоғары баға алған Өмірзақ Қожамұратов сыршыл жырларымен, сезімге толы өлеңдерімен ерекшеленді.
Мұқағали Мақатаев өз жазбаларының бірінде, «Өмірзақ мықты ақын. Солай бола тұрса да осы пақыр әзірге пойызға билетсіз мінген жолаушы тәрізді... Өз құрбыларының қатарынан орын тимей-ақ қойды осыған, бірде-біріміз оған кел деп те, кет деп те ниет білдіре алмадық. Мынау барың, мынау жоғың демедік. Бұған Өмірзақ тұрарлық еді... Ақын да адам. Оның шығармашылық тағдырына да бірауыз көңіл аударған жөн ғой дейміз. «Ақындарды аялау керек!» деген Маркс сөзі бар. Өмірзақ та аялауды қажет етеді... Ол Бұқардан қалған сынық қой...», – деп Өмірзақ Қожамұратовтың ақындығын жоғары бағалап, оның әдеби ортадан лайықты орнын таба алмай жүргеніне өкініш білдірген екен.
«Өмірзақ Қожамұратовтың қазақ поэзиясында ерекше орны бар»
Кеш барысында Өмірзақ Қожамұратовтың шығармашылық жолы, қоғамдық қызметі, азаматтық ұстанымы және ұлттық мәдениетке қосқан үлесі туралы сөз болды. Ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктер айтылып, оның әдеби мұрасы жөнінде ой-пікірлер ортаға салынды.
– Өмірзақ Қожамұратовтың қазақ поэзиясында ерекше орны бар. Ол өзгеше өрнек алып келген ақын. Өлеңдерінен өзінің табиғаты, болмысы көрініп тұрады. Сөздері мөлдір бұлақ секілді атқылап жатады. Өз кезінде күллі әдебиет қауымын елең еткізген талант болды.
Өкінішке қарай, әдеби ортаның мойындағанына қарамастан, Мұқағали атамыз айтқандай, «пойызға билетсіз мінген жолаушы» секілді өз орнын ала алмады. Лайықты бағаланбады, дәріптелмеді. Әлі күнге дейін еңбегі дұрыс бағаланып, қоғамдық ортада кеңінен насихатталып келеді деп айта алмаймыз. Оның ұлы мұрасын дәріптеу – бүгінгі ұрпақтың борышы деп білемін, – деді Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы.
Әдеби кеш аясында ақынның 90 жылдық мерейтойына орай жарық көрген кітаптары мен шығармашылық мұрасы таныстырылды.
Солардың бірі – «Далама сыр» атты көлемді жинақ. Кітапты құрастырған Қали Жолдастовтың айтуынша, ақынның өлеңдерін ол студент кезінен бастап жинаған.
– Ақынның өлеңдерін студент кезімнен бастап жинадым. Тірі кезінде көлемді жинақтары жарық көрмеген еді. 2009 жылы ақынның 250-ге жуық өлеңін жинап, «Сезім сәттері» деген кітап шығардым. Ал биыл 90 жылдығына орай 400-ге жуық өлеңін жинап, «Далама сыр» деген атпен үлкен кітапты құрастырып, оқырман қауымға ұсынып отырмыз.
Кітап сатылмайды. Оны әр облыстағы кітапханаларға тегін тарату көзделіп отыр. Бұл кісі барлық тақырыпта қалам тартқан қарымды ақын. Мұқағали ақынның бір сөзінде: «Біз тақырып таппай күрмеліп жүрген кезімізде, бізге Өмірзақ келіп кеңістік ашып кететін еді» деген пікірі бар екен. Бұл сөздің өзі Өмірзақтың қазақтың маңдайалды ақындарымен қатарлас, деңгейлес өмір сүрген ақын екенін аңғартады, – дейді Қали Жолдастов.
«Далама сыр» – ақынның туған жерге, елге, табиғатқа және адамға деген жүрекжарды сезімін арқау еткен шығармаларын тоғыстырған тағылымды жинақ. Кітаптың жарық көруі – ақын шығармашылығын қайта зерделеп, оның әдеби мұрасын оқырман қауымға кеңінен таныту жолындағы маңызды қадам.
Шара барысында қатысушылар Өмірзақ Қожамұратовтың қазақ әдебиетіндегі орнына тоқталып, оның шығармаларын кеңінен насихаттау және кейінгі буынға жеткізудің маңызын атап өтті.
Жиынға қаламгердің замандастары, зиялы қауым өкілдері, әдебиетсүйер қауым және қоғам белсенділері қатысты.
Өмірзақ Қожамұратов 1936 жылғы 6 наурызда Өзбекстанның Бұқара облысы, Тамды ауданында дүниеге келген.
Алғаш еңбек жолын мектеп мұғалімі және аудандық ерікті спорт қоғамының төрағасы қызметінен бастаған. Кейін аудандық газеттерде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Қызылорда қаласында Халық шығармашылығы үйінің әдіскер маманы қызметін атқарған.
1950 жылдардың соңында аудандық, облыстық және республикалық мерзімді баспасөз беттерінде өлеңдері жарық көре бастады.
Өмірзақ Қожамұратов орыс дойбысынан құрметті дипломант атанып, Одесса, Вильнюс, Бұқара және басқа да қалаларда өткен аймақтық әрі бүкілодақтық жарыстардың жүлдегері болған.
Ақынның «Жазушы» және «Жалын» баспаларынан «Жиделі Байсын» (1966), «Таңғы дауыс» (1971), «Жол аяқталмайды» (1981), «Ой кешу» (1989), «Күн астында – құдірет» (1998), «Суреттегі жұмбақтар» (1998) атты жыр жинақтары жарық көрген.
Сондай-ақ Өзбекстанның қазіргі Науаи облысы, Үшқұдық қаласындағы №4 қазақ орта мектебіне Өмірзақ Қожамұратовтың есімі берілген.