Пойыздардың бірқатар жолсеріктері жауапкершілікке тартылды -Қаржы полициясы

АСТАНА. Шілденің 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Экономикалық контрабанда жасағаны үшін пойыздардың жолсеріктері қылмыстық жауапкершілікке жиі тартылады. 
None
None

 Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның айтуынша, Атырау облысында сот шешімімен «Астрахань-Атырау» пойызы бастығының міндетін атқарушы Х. Сүгіров 197,5 мың теңге айыппұл төлейтін болды. Ол кедендік бақылаудан жасыру арқылы Қазақстан Республикасының шекарасынан 2 млн.теңгенің халық тұтыну тауарларын заңсыз өткізген.

 Ал Батыс Қазақстан облысында «Мәскеу-Алматы» жолаушылар пойызының жолсерігі Ф. Әділбекова 1 жылға бас бостандығынан шартты түрде айырылды. Ол вагонның төбесіндегі қуыс жерге кедендік бақылаудан жасыру арқылы 5 млн. 300 мың теңгенің халық тұтыну тауарларын Қазақстан шекарасынан заңсыз өткізген», деді М. Жұманбай.

 Ресми өкіл аталмыш облыста осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін Мәскеу-Алматы» пойызының жолсерігі Ф. Ысқақованың  200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейтіндігін жеткізді. Ол Қазақстан Республикасының шекарасынан құны 2 млн.теңге биологиялық қоспалар мен жүктілік тестілерін заңсыз өткізген.

Соңғы жаңалықтар