Пранк үшін 7 жыл: Блогерлер мен халық нені білуі керек

АСТАНА. KAZINFORM — Бірер күн бұрын Алматыда «әлеуметтік эксперимент» жасаған блогер 10 күнге қамалған еді

Пранк үшін 7 жыл: Блогерлер мен халық нені білуі керек
Фото: 2gis

Мұндай бейнероликтерді түсіру қаншалықты заңды? Блогерлер мен қарапайым тұрғындар нені білуі керек? Заңгер пікір білдірді.

— Кез келген әрекетті істеген кезде өзгелердің де мүддесін ойлау керексің. Егер сен біреуге зиян келтірсең, ол зақым көрсе, мұндай жерде әзіл-қалжың жүрмейді. Мұндай пранк кезінде біреудің мүддесі тапталды ма, тапталмады ма — осы маңызды. Сенің әрекетіңнің қалжың не пранк болғаны сені жауапкершіліктен құтқармайды, — дейді Ержан Болатбек.

Маманның айтуынша, өзгелердің бет-жүзін әлеуметтік желіге рұқсатсыз ашықтан ашық жариялаудың өзі заң бұзу.

— Мысалы, өзгелердің бет-жүзін рұқсатсыз көрсету — құқық бұзу. Мысалы, менің әріптесім қарағандылық заңгер біреулерге барып, «суретке түсіріп жіберші» дейді. Бірақ өзінде телефон жоқ, әлгі адамға «өзіңдікімен түсіре бер» деген. Суретке түсірген адам фотоны «жіберейін бе?» деп сұраса, «жоқ, бұл саған» деп жауап береді. Кейін сол суретті Instagram-нан көреді. Осыдан кейін әлгі азамат суретті жариялаған адамға фотоны өшіруді, кешірім сұрауды талап етіп, хат жолдайды. Бірақ олар келіспейді. Соңында сотқа жүгініп, қателеспесем, 550 мың теңге көлемінде моральдық және қосымша шығындарды өндіріп алады, — дейді заңгер.

Егер біреу сіздің келісіміңізбен видео түсірсе, бірақ кейін сіз ойыңыздан айнып қалсаңыз, ол бейнежазбаны еш жерде жарияламауын талап етуге құқығыңыз бар.

— Соттағы ең басты дәлел, адамның бет-жүзінің рұқсатынсыз жариялануы. Егер сіз камераны көріп тұрып, оған тура қарап сөйлемесеңіз, сотта «мен қарсы болдым» деп айта аласыз. Тіпті сөйлеп қойғаннан кейін де «жоқ, мен қарсы едім, шығармаңдар» деп айтуға толық мүмкіндігіңіз бар. Бұл заңды құқығыңыз, — дейді маман.

Ержан Болатбек қандай жағдайда пранк түсірген азаматтар жазаға тартылатынын түсіндірді.

— Егер пранкта құқық бұзудың құрамы болса — бұл заңсыз. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен пранк видеосындағы азаматтың әрекеті — ұсақ бұзақылық. Пранк болсын, басқа болсын, егер қоғамға жат әрекет жасалса — бұл бұзақылық. Сен біреуді балағаттасаң, дөрекі сөйлесең, ар-намысына тиетін сөз айтсаң, жалпы қоғамда жағымсыз көрінетін әрекет жасасаң — бұның бәрі бұзақылыққа жатады. Ол әрекетті жасағанда сенің ниетің «қалжың» болды ма, басқа болды ма, заң оған қарамайды. Мысалы, мен қазір «пранк» деп сізге су шашып жіберсем, ол қалжың болсын, басқа болсын, бәрібір үстіңіз су болып қалды ғой. Сондықтан, бұл жерде ісіңіздің қалжың болғаны сізді ақтап ала алмайды. Қалжың жүретін санаулы ғана жер бар. Мысалы, сатира немесе БАҚ өкілдерінің материалдарында. Бірақ, соның өзінде оны көрген адам бұл — қалжың екенін түсінуі керек, — дейді ол.

Заңгер пранкерлердің объективіне ілігіп, құқығы тапталған азаматтарға кеңес берді.

— Біреу сізге пранк жасап, бет-әлпетіңізді әлеуметтік желіде рұқсатыңызсыз ашық жарияласа, ең алдымен сол адамның байланыс нөмірін тауып, қарсы екеніңізді айтып, видеоны өшіруді талап етіңіз. Егер ол мүмкін болмаса, сотқа бере аласыз. Қазір бұл бағытта сот практикасы қалыптасқан, сотқа қатысу да қиын емес — үйіңізде отырып-ақ онлайн қатыса аласыз. Сотта сізге заңгер керек емес. Өз құқығыңыздың бұзылғанын айтып, қарсы екеніңізді жеткізсеңіз жеткілікті. Солай сот арқылы өзіңізге келген моральдық және материалдық шығынды өндіріп алуға болады, — дейді Ержан Болатбек.

Әзіл-қалжыңмен пранк жасаймын деп өзгелердің құқығын таптайтындар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екен.

— Адам ұсақ бұзақылық жасаған болса, ол 5–15 күнге дейін қамауға алынады. Егер әрекеті өрескел болса — 20 күнге дейін созылады. Немесе 69 мың теңге шамасында айыппұл салынады. Егер пранк кезінде біреудің денсаулығына немесе мүлкіне зиян келсе — бұл қылмыстық жауапкершілікке жатады. Мұндай жағдайда 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мысалы, жақында Астанада бірнеше пранккер жазаланды. Олардың бірі 30 күнге қамалды, ал қалғандары 15 күнге. Неге біреуі 30 күн алды десек, ол адам мұндай әрекетті бұрын да қайталаған екен, — дейді заңгер.

Ал мұндай бұзақылық жасаған балалардың ата-анасы жауапқа тартылады.

— Егер пранк жасаушы адам кәмелетке толмаған болса, оның ата-анасы жауапқа тартылады. Бірақ кейбір бұзақылық баптары бойынша 13 жастан бастап бала жазаға тартылуы мүмкін, — дейді маман.

Ержан Болатбек адам құқығын таптайтын блогерлерге қоғам да қысым жасауы керек деп есептейді.

— Сот арқылы жаза қолданумен қатар, менің ойымша, қоғамдық қысым да болуы керек. Болашақта ондай блогерлермен жұмыс істемеу, оған жарнама бермеу, оны көрмеу, жазылмау — осының бәрі маңызды. Батыс елдерінде репутациялық жауапкершілік жақсы жұмыс істейді. Адамдар ең бірінші осыдан қорқады. Мысалы, жаңағы мен айтқан 550 мың теңге өндірілген оқиға — қаражат жағынан өте аз. Өйткені, үлкен блогерлер үшін бұл тіпті көп ақша емес. Америкада осындай шағын құқықбұзушылықтың өзіне 100 миллиондап өтемақы талап етіледі. Неге? Себебі, ірі корпорацияларға бір іске аз ғана айыппұл төлеу аса қиын емес, бірақ бір адамнан қыруар шығын көрсе, басқалардың құқығын бұзуға қорқады, — дейді ол.

Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын супермаркет жарнамасы үшін қоғамдық тәртіпті бұзған блогер жазаланды.

Сондай-ақ, Алматы сотында Мұқағалиге сөз тигізген блогерге қатысты іс тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар