Премьер-Министр Азиаданы жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді

А. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Туризм және спорт министрлігіне 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында болатын VII қысқы Азия ойындарын жоғары деңгейде ұйымдастыруды және Азиада үшін салынып жатқан спорттық нысандардың құрылысын дер кезінде аяқтауды тапсырды.

Премьер-Министр Азиаданы жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде  тапсырма берді

Ол бұл тапсырманы аталмыш министрліктің бүгінгі кеңейтілген алқа мәжілісінде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2011 жылғы қаңтардың 30-ында біздің еліміздің аумағында тұңғыш рет қысқы Азия ойындары басталады. Мұндай спорттық шара Қазақстанда бұрын-соңды өткізілген жоқ. Бұл біз өткізгелі отырған ең жоғары деңгейдегі спорттық шара. «Барлық нысандарды дер кезінде аяқтау қажет. Комиссияның отырысында бұл мәселені сөз еттік. Мемлекетіміздің қуатын тағы бір мәрте көрсету және еліміз мұндай шараны өткізе алатынын дәлелдеу үшін ұйымдастыру шараларын лайықты және жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Бұл Сіздің, Астана мен Алматы қалалары және Алматы облысы әкімдерінің жеке жауапкершіліктеріңізде болады. Барлық нысандардың құрылысын мұқият бақылаңыздар. Уағдаласқанымыздай таяу уақытта біз ол нысандарды аралап көретін боламыз», деді алқада Үкімет басшысы министр Темірхан Досмұхаметовке қаратып айтқан сөзінде.

Премьер-Министр Азияданы лайықты деңгейде өткізу аса маңызды екенін атап көрсетті. «Барлық ұйымдастыру шаралары жоғары деңгейде болуы тиіс. Себебі, осының барлығына бүкіл әлем көз тігетін болады. Қазақстан құрамасы тыңғылықты дайындалып, Азиядада лайықты өнер көрсетуі тиіс. Әлемге біздің спортшылардың мүмкіндігін, халқымыздың әлеуетін көрсетуіміз керек», деді К. Мәсімов. Үкімет басшысының пікірінше, Азиада тек спорттық қана емес, сонымен қатар саяси мәселе болып табылады.