Премьер-Министр "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын пысықтауға арналған кеңес ұйымдастыруды тапсырды

АНА. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкіметте осы бейсенбіде өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға арналған "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын пысықтауға арналған кеңес ұйымдастыруды тапсырды.

     Премьер-Министр "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын пысықтауға арналған кеңес ұйымдастыруды тапсырды

Ол бұл тапсырманы бүгін Үкіметте өткен Қазақстан экономикасын жаңғырту жөніндегі комиссияның Республикалық басқару орталығының бірінші отырысында берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне қатысты бүгін әжептәуір пікірталас болды. Алайда, пікірталастан нақты шешімге келу қажет. Сондықтан, Ербол Тұрмаханұлы, Сізге осы үш күннің ішінде барлық қатысушылармен бұл мәселені тағы бір мәрте пысықтап, бейсенбі күні кеңеске дайындауды тапсырамын. Ол кеңеске облыстар әкімдерінің кәсіпкерліктің дамуына жауапты орынбасарлары, мемлекеттік органдардың өкілдері, барлық бизнес қауымдастықтардың, ірі банктердің басшылары қатыссын», деді Үкімет басшысы орынбасары Ербол Орынбаевқа қаратып айтқан сөзінде. Премьер-Министр "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын талқылайтын Үкімет отырысы өтетінін хабарлады. Содан кейін ол бағдарлама Мемлекет басшысының қарауына шығарылады. Айта кетейік, Үкіметке аталмыш бағдарламаны әзірлеуді ағымдағы жылғы Жолдауында Елбасы тапсырған болатын. «Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Оны "Бизнестің жол картасы-2020" деп атауды ұсынамын. Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады», деген болатын Жолдауда Президент.