Премьер-министр цифрлық сауаттылықты арттыру бағдарламаларын жаңартуды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытындағы бағдарламаларды жаңартуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бүгінгі Үкімет отырысында цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Ақпарат және коммуникациялар министрліктерінің баяндамасы оқылды. Цифрландыру тұрғысында атқарылған және атқарылатын шаруалар баршылық. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда ауыл шаруашылығы субсидияларын алу бойынша барлық мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жыл соңына дейін автоматтандырылатынын хабарлап отыр.

Есептерді тыңдай келе Үкімет басшысы аталған бағытта жұмысты жалғастыру керектігін атап өтті.

«Айтылған баяндамаларды ескере отырып, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне, мүдделі мемлекеттік органдармен, өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, халықты цифрлық сауаттылыққа оқытуды одан ары жалғастыруды және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін ескере отырып, жоспарлы индикаторларды қайта қарауды тапсырамын. Білім және ғылым министрлігіне, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен саладағы қажеттілікті ескере отырып, мамандарды оқыту және цифрлық сауаттылығын арттыру бағдарламаларын жаңартуды жүктеймін. Асқар Қуанышұлы, жұмыс сіздің бақылауыңызда», - деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар