13:39, 24 Ақпан 2009 | GMT +5
Премьер-Министр елімізге жеткізілетін авиакеросиндердің көлеміне тексеру жүргізуді тапсырды
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қаржы министрлігінің Кеден комитетіне және Салық комитетіне елімізге жеткізілетін авиакеросиндердің көлеміне тексеру жүргізуді тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыста сөз алған Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов авиакеросиндердің балансы шындыққа сәйкес келмейтінін айтты. «Өткен жолы комиссияда мен 2008 жылы елімізде шамамен 800 мың тонна авиакеросин тұтынылғаны жөнінде мәселе қойдым. Ал мұнда 590 мың тонна туралы әңгіме болып отыр. Яғни, авиакеросиндердің балансы ақиқатқа сәйкес келмейді», - деді С. Ахметов. Осындай уәжді тыңдаған Үкімет басшысы: «Сонда 300 мың тонна авиакеросин «жасырын» жеткізілетін болып тұр ғой. Болат Бидахметұлы, Кеден комитетімен, Салық комитетімен бірге тексеру жүргізіңіздер. Бұл не сұмдық?», - деді Қаржы министрі Б. Жәмішевке қаратып айтқан сөзінде. «Тексеруге бір ай уақыт беремін. Кім, қайда, қалай жеткізеді, цифрлар болуы тиіс. 300 мың тонна айырмашылық болып тұр, тәртіп жоқ», - деді Үкімет басшысы.