Премьер-Министр елордадағы жаңа зауытта алғашқы локомотивті іске қосты
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысы осыдан бірнеше ай бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл зауытты салтанатты түрде іске қосқанын, ал бүгін, Тәуелсіздік күні қарсаңында алғашқы локомотивтің іске қосылуына куәгер болып отырғанымызды атап өтті. «Мемлекет басшысының саралы да нақты саясатының арқасында тәуелсіз Қазақстан Республикасы әлемдік экономикалық дағдарыс алдымызға қойып жатқан кедергілерден нық сеніммен өтуде. Осы жылдың қорытындысы бойынша еліміз экономикасы нәтижелі үрдістерге бет алды, деп атап өтті Премььер-Министр.
Сондай-ақ Үкімет басшысы: «Шетелдік инвесторлармен оның ішінде «Дженерал электрик» компаниясымен бірге елімізде түрлі мәселелерді шешу қолдан келеді. Мұның бәрінде білікті еңбек ұжымының үлесі ұшан-теңіз», деді.
Айта кетейік, "Дженерал электрик" компаниясының алдыңғы қатарлы технологиялары негізінде жұмыс істеп отырған «Локомотив Лизинг» ЖШС «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес мекемесі болып табылатын «Локомотив» АҚ-ның құрылымдық бөлімшесі. Зауыт 2010 жылы 28 тепловоз шығаруды көздеп отыр. Оның 8-і ТМД, Балтық жағалуы елдері мен Моңғолияға экспортталмақ. Ал 2014 жылға қарай зауыттың қуаттылығы жылына 100 тепловозды құрап, оның 30-ы экспортқа бағытталатын болады деп күтілуде. Заманауи локомотивтер Еуро-3 нормаларына сай келеді.