Премьер-Министр еңбегі сіңген спортшылар мен жаттықтырушыларды өмір бойы материалдық қамтамасыз ету төлемдерінің мөлшерін көтеру жөніндегі ұсынысты қолдады

АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Туризм және спорт министрлігінің Қазақстанға еңбегі сіңген спортшылар мен жаттықтырушыларды өмір бойы материалдық қамтамасыз ету төлемдерінің мөлшерін үш есеге көтеру жөніндегі ұсынысын қолдады,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгін аталмыш ведомствоның алқа мәжілісінің барысында министр Темірхан Досмұхамбетов Үкімет басшысынан елімізге еңбегі сіңген спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы материалдық қамтамасыз ету төлемдерінің мөлшерін 8-ден 24 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру мүмкіндігін қарастыруды сұрады. «Қазіргі таңда Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістікте осы мәселені әлі күнге дейін шешпеген жалғыз мемлекет болып табылады. Бұл жерде жыл сайынғы көлемі 28-30 млн. теңге шамасындағы қаражат туралы сөз болып отыр», деді ол. «Бүгін сіздер маған өтініш жасап отырсыздар. Бюджетті қарастыру кезінде депутаттар да осы мәселені қозғаған болатын. Біз қазір қаржылық қиыншылық болып жатқан күрделі уақытта өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, мен сіздердің ұсыныстарыңызды қолдаймын», деді К. Мәсімов. Осы орайда Премьер-Министр Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне тиісті құжаттарды Үкіметтің қарауына енгізуді тапсырды.
Соңғы жаңалықтар