Премьер-Министр Қарағандыда жаңа балабақшаның ашылуына қатысты

Бұл балабақша - Елбасының балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеуді дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудың нәтижесі, деп атап көрсетеді аймақ өкіметі. Оның құрылысына облыс бюджетінен 300 миллионға жуық теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары 2008 жылдың тамыз айында басталып, 2009 жылдың желтоқсанында аяқталды.
Жаңа балабақша 320 баланы орынмен қамтуға мүмкіндік береді. Балабақша директоры Рузиля Гарифуллинаның айтуынша, мұнда оқытудың инновациялық формаларына негізделген және жаңашыл технологиялармен жарақталған бірегей оқу кабинеті бар.
«Біз сондай-ақ, әр баланың оқуы мен дамуының электрондық мәліметтер базасын құруды жоспарлап отырмыз. Ол арқылы ата-аналар үйлерінен шықпай-ақ, Интернет арқылы балаларының білім, шеберлік және дағды деңгейлері, олардың үлгерімдері туралы мәліметтер ала алады», - дейді балабақша директоры.
«Балақай» балабақшасында сондай-ақ, Достық залы бар, онда балалар ойын түрлерінде Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлерімен және әдет-ғұрыптарымен танысатын болады.