Премьер-Министр Қазақстан газ бойынша 2011 жылы еуропалық тарифтерге өтуге дайын болуы қажеттігін ескертті

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ресей 2011 жылы газдың бағасын еуропалық деңгейде сатуды көздеп отыр. Сондықтан Қазақстан осы кезеңде ішкі нарықтағы газдың тарифтерін қарастыруға дайын болуы қажет. Бүгін Астанада Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің 2008 жылдың қорытындысына арналған алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осындай пікір білдірді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алқада жақында Ресей мен Украина арасындағы газ дауына қатысқанын, Ресей өз ішінде де, Украинаға және басқа да елдерге газ сата отырып, 2011 жылы еуропалық бағаға шығуды көздеп отырғанын жеткізген К. Мәсімов: «Қазіргі кезде Ресей Украинаға газды еуропалық бағадан 20 пайызға төмен сатуда, келесі жылы 10 пайызға төмен сататын болады, ал 2011 жылы еуропалық бағаның деңгейіне шығады. Газ бағасының қымбаттауынан қашып құтылу мүмкін емес. Сондықтан бұл кезеңге біз жақсылап дайындалып, еліміздегі тарифтің қандай болатынын қарауымыз қажет», деді. Премьер-Министрдің айтуынша, энергетикалық көзқарас тұрғысынан мұндай жағдайда еліміздегі газдың бағасы қанша болатынын қайта есептеу қажет. «Егер біз басқа тариф түзуге шығатын болсақ, бізде энергияны үнемдеу қалай болады, деген сұрақтарға жауап табу қажет. Сондықтан энергияны үнемдеуге қатысты барлық мәселелер ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында аяқталуы тиіс», деді Үкімет басшысы министр Сауат Мыңбаевқа қаратып айтқан сөзінде.
Соңғы жаңалықтар