Премьер-Министр Қазақстан құрамасы Қысқы олимпиададан табысты оралса, Спорт министрлігінің қаржылық өтініштерін орындауға уәде берді
А. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Егер Қазақстан құрамасы 2010 жылғы ақпанның 12-28-і аралығында Канаданың Ванкувер қаласында өтетін XXI Қысқы олимпиада ойындарында табысты өнер көрсететін болса, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Спорт және туризм министрлігінің спортшыларды ынтыландыру туралы қаржылық өтініштерін орындауға уәде берді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алдымызда енді бір айдан кейін Канадада өтетін өте маңызды спорттық шара - Қысқы олимпиада ойындары тұр. Мен біздің команда бұл жарыста табысты өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенемін. Медаль алып келсеңіздер мен сіздің қаржыландыру жөніндегі өтініштеріңізді орындаймын», деді алқада К. Мәсімов Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхаметовке қаратып айтқан сөзінде.
Айта кетейік, алқа мәжілісі барысында Т. Досмұхаметов Үкімет басшысынан жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізудегі жыл сайын артып келе жатқан бәсекелестікті және материалдық ынтыландырудағы халықаралық тәжірибені ескере отырып, әлем чемпионаттарында және Азия ойындарында медаль жеңіп алғаны үшін спортшыларға берілетін бір мәртелік сыйақының мөлшерін ұлғайту туралы мәселені қарастыруды сұраған болатын. Министрдің айиуынша, қосымша шығындардың сомасы 33,5 млн. теңгені құрайды.